«Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры мен MOST Holding Қазақстандағы креативті экономика, инновациялық кәсіпкерлік және стартап-экожүйені дамыту бағытындағы алғашқы меморандумға қол қойып, стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастады, деп хабарлайды kznews.kz.
Құжатқа «Креативті индустрияларды дамыту қоры» Басқарушы кеңесінің төрағасы Ерлан Каналимов пен MOST Holding бас директоры Павел Коктышев қол қойды.

Меморандум креативті индустриялар, технологиялық стартаптар мен инновациялық жобаларды қолдау саласындағы ұзақмерзімді әріптестікті дамытуға бағытталған. Тараптар бірлескен білім беру және акселерациялық бағдарламаларды іске асыруды, салалық іс-шаралар өткізуді, сараптамалық өзара іс-қимылды нығайтуды, сондай-ақ креативті және технологиялық сектордағы кәсіпкерлерді қолдауды жоспарлап отыр.

Ынтымақтастық аясында отандық креативті жобалардың инвестициялық тартымдылығы мен экспорттық әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар кәсіпкерлерге консультациялық қолдау көрсету, инвестиция тарту тетіктерін жетілдіру, инновациялық шешімдерді ілгерілету, бірлескен сарапшылық топтар құру және креативті индустрияларды қолдау шараларын жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірлеу көзделген.
Тараптар бұл серіктестік Қазақстандағы креативті индустриялар мен технологиялық кәсіпкерліктің тұрақты дамуына, жаңа жобалардың пайда болуына және халықаралық нарықтарға шығуына қосымша мүмкіндік береді деп сенім білдірді.

