Күні кеше іске қосылған LRT жобасы бастапқыда Астананың көлік жүйесін жаңғыртып, мегаполистегі кептелісті азайтатын заманауи инфрақұрылым ретінде ұсынылған еді. Алайда арада он жылдан астам уақыт өткенде бұл жоба Қазақстандағы ең қымбат, ең ұзаққа созылған және қоғам сенімін шайқалта жаздаған мегақұрылыстардың біріне айналды.
Әуелі, жеңіл рельсті көлік жолының Қазақстан үшін неге қымбатқа түскеніне тоқталайық. Ресми мәлімет бойынша, осы сәтте жобаның жалпы құны шамамен 1,8 млрд долларды құрайтыны белгілі болды. Теңге бағамына шаққанда бұл қаржы 850 млрд пен 1 трлн теңгенің арасында есептеледі екен. Яғни, нысан құрылысы аяқталғанша оған қисапсыз қаржы құйылды. Мысалы, тек 2025 жылдың өзінде ғана республикалық бюджеттен құрылысты аяқтауға қосымша 329 млрд теңгеден астам қаржы бөлініпті. Осылайша, бастапқыда әлдеқайда арзан әрі жылдам аяқталады деп жоспарланған жоба уақыт өте келе қаржылық, техникалық және саяси проблемаға айналды. Құрылыс бірнеше рет тоқтап қалды, мердігерлер ауысты, қаржыландыру көздері өзгерді.
Дегенмен, күні кеше LRT пайдалануға берілгеннен кейін бұғанға дейінгі күдік пен күмәнді мақтаныш сезімі алмастырған сияқты. Өйткені, Астана қаласының инфрақұрылымы енді жеңіл рельсті жүрдек көлік құралымен толықты. Бұл жағдай қоғамдық пікір мен сенімді оң бағытқа бұрып қана қоймай, саяси және атқарушы билікке деген халық ризашылығын білдіретін әрекетке ұласқан сияқты.
Алайда, мамандарды жобаның экономикалық тиімділігі қызықтырады екен. Мәселен, "Жобаға жұмсалған қаржының қайтарымы бола ма?" деген сауал күн тәртібіне шықты. Өкінішке қарай, жобаның бас иесі City Transportation Systems компаниясының басшылығы LRT коммерциялық тұрғыдан қандай да бір пайда әкелмейтінін мойындайды. Яғни, шыққан шығын толық ақталмауы мүмкін. Бірақ, бұл әлемдегі қоғамдық көлік жүйелеріне тән қалыпты тәжірибе екен. Шынында да, метро, трамвай және жеңіл рельсті көлік желілерінің көбі мемлекеттік субсидия арқылы ғана күн көретіні жасырын емес. Демек, Қазақстанда мемлекеттік дотацияға тәуелді тағы бір мегажоба іске қосылды деген сөз. Әрине, тасымал құны жүйедегі шығындарды жабуға лайықталып есептелетіні анық. Әзірге, LRT арқылы қатынаудың бір реттік құны 200 теңге көлемінде белгіленген. Сондай-ақ, әлеуметтік статусы бар тұрғындарға жеңілдік қарастырылған екен.
Жалпы, бұл жердегі сөз тек дотацияға тіреліп қалмауға тиіс. Себебі, әлемдік тәжірибеде қоғамдық көлік өзін толық ақтамаса да, оның әлеуметтік-экономикалық қайтарымы болады деген түсінік бар. Атап айтқанда, қаладағы жол кептелісі азаяды, экология жақсарады, қаланың мобильдігі артады деген сияқты.
Екіншіден, LRT жобасының ақыры аяқталуы Қазақстан билігінің "Ғасыр ұрлығы" деген атау алған үлкен жемқорлық дауына нүкте қойғанын да білдіреді. Бірақ, майданнан кейінгі ұстанымдағыдай, "ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды..."!
Өйткені, жоба төңірегіндегі қылмыстық істер әлі де жалғасып жатқанға ұқсайды.Тергеу материалдарына сәйкес Қытай банктерінен тартылған қарыз қаражатының бір бөлігі жалған келісімшарттар, делдал компаниялар және күмәнді қаржы операциялары арқылы жымқырылған. Іс бойынша бірнеше бұрынғы шенеуніктер пен менеджерлер сотталды.Солардың ішінде "Astana LRT" компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан, Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков, қалалық ТҮКШ басқармасының экс-басшысы Рашид Аманжолов және басқа да бірқатар жауапты тұлғалардың аты аталады. Бұлардың дені қамауға алынған, кейбірі сырттай сотталды, кейбірі халықаралық іздеуге жарияланды. Мемлекет қазір де шетелге шығарылған қаражаттың бір бөлігін қайтару әрекеттерін жатқаны айтылады. Анығы, бұл істің аяқталуы принципке айналған сияқты.
Қысқасы, LRT жобасының шаттықпен аяқталуы және шулы тарихы Қазақстан үшін бірнеше маңызды мәселені ашып көрсетті. Біріншіден, елімізде мегажобаларды жоспарлау сапасына маңыз беріле бастады. Жалпы, осы жоба басталған кезде оның нақты экономикалық моделі, жолаушылар ағыны және ұзақ мерзімді шығындары туралы қоғамға толық әрі түсінікті ақпарат берілген жоқ еді. Екіншіден, мемлекеттік бақылау мәселесі күшейтілді. Себебі, ондаған миллиард теңге бюджет қаржысын игеру кезінде жобаға аудит пен қоғамдық бақылау жасалмағаны, сол арқылы жемқорлыққа әдейі жол берілгені туралы нақты деректер бар.
Демек, мемлекет мұндай жобаларға енді "екі шоқып, бір қарайтын" болды. Яғни, билік елдегі мегажобалар үшін саяси жауапкершілікті өз мойнына алып отыр.
Тоқетерін айтқанда, LRT құрылысының қымбатқа түскеніне қарамастан аяқталуы, қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғам алдындағы ғана емес, тарихи тұрғыдағы уәдесі мен миссиясын орындауы деп қабылдауымыз керек сияқты...