Атырауда бастауыш сынып мұғалімінің өліміне қатысты іс бойынша сот процесі басталды. Әйелін өлтірді деп айыпталған ер адам кінәсін толық мойындап, қылмысқа қызғаныш себеп болғанын айтты. Алайда ол жұбайының опасыздығын дәлелдейтін ешқандай айғақ келтіре алмады, деп хабарлайды kznews.kz.
Мұғалімнің өліміне қатысты іс сотта қаралып жатыр
«Ақ Жайық» басылымының мәліметінше, №16 мектептің мұғалімі Әлия Елесінованың қазасына қатысты қылмыстық іс Атырау қаласында қарала бастады. Сот отырысына судья Зарема Хамидуллина төрағалық етуде.
Сотталушы Сәрсен Өтеулиев өзіне тағылған айыпты толық мойындады. Ол сот барысында көзіне жас алып, өзіне ең ауыр жаза тағайындауды сұраған.
Отырыстың басталуы сотталушының денсаулығының нашарлауына байланысты кейінге шегерілген. Оған жедел жәрдем шақырылып, жағдайы тұрақтанғаннан кейін ғана жауап берген.
«Жұбайымды ешкіммен бөліскім келмеді»
Сотта сөз сөйлеген айыпталушы әйелін қызғаныштан өлтіргенін айтты.
Оның сөзінше, уақыт өте келе қызғаныш сезімі өмірінің басты бөлігіне айналған.
«Сүйікті адамыңды ешкіммен бөліскің келмейді. Біреу оған қарап тұрғандай немесе қызығушылық танытып жүргендей көрінеді», – деді ол сотта.
Алайда судьяның жұбайының басқа ер адаммен қарым-қатынаста болғанын дәлелдейтін нақты айғақтардың бар-жоғы туралы сұрағына айыпталушы теріс жауап берген.
Әйелінің жүріс-тұрысын бақылап отырған
Сот барысында 63 жастағы ер адамның үйіне бейнебақылау камераларын орнатқаны белгілі болды. Сондай-ақ ол жұбайының қозғалысын 2GIS қосымшасы арқылы бақылап отырған.
Бұған қоса, әйелін мектепте жұмыс істейтін 26 жастағы дене шынықтыру пәнінің мұғалімінен де қызғанғаны айтылды.
Дегенмен сотта әйелінің опасыздық жасағанын растайтын ешқандай дәлел ұсынылған жоқ.
Отбасында жанжал жиі болған
Іс материалдарына сәйкес, ерлі-зайыптылар арасында қызғаныш пен сенімсіздікке байланысты жанжалдар бұрыннан болып келген.
Сот процесі әлі жалғасып жатыр.
Қайғылы оқиға қалай болды?
Еске салайық, қайғылы оқиға 2026 жылғы 16 наурызға қараған түні Атырауда болған.
Отбасылық жанжал кезінде 58 жастағы әйел қаза тапқан. Ол қаладағы мектеп-лицейлердің бірінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген.
Оқиғадан кейін полиция ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық жанжал туындап, оның соңы қайғылы жағдаймен аяқталғанын хабарлаған еді.