KZNews.kz
Білім

Kundelik.kz VS bilimclass.kz: мектептер мүдделер қақтығысына айналды ма?

Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Алматылық оқушылар үшінші тоқсанды "Күнделіксіз" бастады. Оқу жылының ортасына келгенде электронды бағалау құжатының аяқ-асты ауысуы ата-аналарды аң-таң қылғанымен, олармен ешкім ақылдаспаған еді.

Бәрі бір күнде өзгере салды. Kundelik.kz порталының орнына bilimclass.kz платформасы келді. Былай қарағанда білім басқармасының бас маманы деңгейінде қабылданатын шешім сияқты көрінгенімен, оқушылар мен ата-аналардың дерекқорына қатысты өзгерту енгізу құқығы цифрлық қауіпсіздік мәселесімен пара-пар екенін ұмытпауымыз керек-ті. Соған қарамастан мектеп ұжымы - оқушылар - ата-аналар үштағаны бұл өзгерісті оңай қабылдап, ауыс-түйіске тез бейімделе бастаған еді. Бірақ, бұған дейін Алматы қаласы бойынша білім саласындағы электронды құжаттардың бірегей операторы болып келген Kundelik.kz платформасының иелері сотқа жүгініп, мектептердің мазасын май ішкендей қылды. Оқушылар арасында "қайтадан "Күнделікке" оралады екенбіз..." деген сыбыс тарап, ата-аналар алаңдай бастаған еді. Әуелгіде абдырап қалған мұғалімдер, араға апта салып қана анығын айтты: "bilimclass.kz платформасында қаламыз!". Тек, ата-ана мен оқушының көңілі орнына түскенімен, операторлар арасындағы дау әлі бітпепті...

Жалпы, Алматы мектептерінің электрондық құжатына иелік етуге талас тек екі компания арасындағы мәселе емес екені анық. Жоғарыда цифрлық қауіпсіздікке қатысты айттық, одан бөлек таза бизнеске қатысты тұсы тағы бар екен. Тіпті бұл цифрлық күнделік дауы білім беру саласындағы мүдделер қақтығысынан да хабар беретін сияқты.

Қалай болғанда да, оқу жылының ортасында электронды күнделік операторының ауыстырылуы қоғамда кәдімгідей резонанс тудырды. Әуелі оқушылардың жеке деректерінің қорғалмауына қатысты дау шыға жаздағаны рас.

Қоғамдық сын күшейгеннен кейін Алматы қаласының білім басқармасы «оқушылардың жеке деректерінің таралуы туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді» деген мазмұнда қатаң мәлімдеме жасады. Соған қарамастан қалалық сот бұрынғы оператордың талап-арызы бойынша іс қозғап, білім басқармасына қатысты жаңа платформаға өтуді уақытша тоқтату жөнінде шешім шығарды. Бірақ, арада бір күн өткесін алғашқы шешімде «сипаттамалық қате кеткені» белгілі болып, түзетілген қаулы бойынша мектептерге операторды ауыстыруға қайтадан рұқсат берді. Айтпақшы, бұл жайт қоғамда сот жүйесінің тәуелсіздігі мен шешімдердің тұрақтылығына қатысты күмәнді күшейтті. Ол енді бөлек әңгіме.

Осы жерде цифрлы күнделікті ауыстыру осыншалық дауға неге арқау болды деген заңды сұрақ туады. Осы сұрақтың жауапсыз қалуы мүдделер қақтығысы туралы болжамға жетелейді. Өйткені, екі оператордың да өзіндік ерекшеліктері бар екені сөзсіз. Яғни, артықшылығы мен кемшілігі жеткілікті. Мысалы, "Күнделік" платформасына қатысты сын бұған дейін де айтылып келген. Бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асқан және ресейлік цифрлық платформамен байланысы бар жүйе-тұғын. Біраз бұрын " Күнделік" мәселесі Парламент қабырғасында көтеріліп, бұл операторға қатысты порнографиялық контент, шетелдік ықпал және нарықтағы монополия туралы айыптаулар да айтылған.

Ал Алматының білім саласына енді енген жаңа оператор өзін «ата-аналар үшін тегін сервис» ретінде таныстырады. Бірақ, екі оператордың да екінші деңгейлі банктердің экожүйесіне қатысты екенін жоққа шығара алмаймыз. Осы жерден бизнестің мүддесі байқалатындай. Яғни, цифрлық құжатты жүргізу үшін білім беру мекемелерімен миллиардтаған сомаға келісімшарт жасалатыны анық. Демек, бұл дау жекелеген цифрлық күнделік төңірегіндегі тартыс қана емес, білім беру саласындағы бюджеттік бизнестің терең әрі жүйелі мәселесін көрсететін көрініс болуы мүмкін.

Екіншіден, бұрынғы жүйе "Халықбанкі" қолдауына сүйенетінін ашық көрсетіп келді. Тіпті, "Күнделікке" кіру, тіркелу осы банктің экожүйесімен интеграциялаған болатын. Ал қазіргі "Білім-класс" платформасы "Фридомбанкіне" басымдық беріп отыр. Әрине, екі оператор да оқушылардың үлгерімін ынталандыру мақсатында бағаны бонус арқылы көтермелеуді ұсынады. Бұл қызықты болуы мүмкін. Алайда, оқушылар мен ата-аналардың дерекқорына қатысты қолжетімділік пен цифрлық қауіпсіздік жайы жабулы қазан күйінде қалып отыр.

Үшіншіден, білім саласындағы цифрлық басқарушының рөліне талас бұл бағыттағы жұмыстарда ашықтықтың жоқтығын көрсеткендей. Маңызды шешім қабылдау кезінде ата-аналармен және педагогтармен кеңесу, деректер қауіпсіздігіне кепілдік беру және бюджеттік шығындардың жариялылығы секілді қағидалардың сақталмауы бұл мәселеге Үкімет деңгейінде мән беру қажеттілігін туғызатын сияқты...

Қалмаханбет Мұқаметқали
Автордың басқа материалдары