Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан мектептеріндегі директорлардың қызметіне қатысты жаңа өзгерістер қарастырылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Министр бұл туралы 24.kz телеарнасының "Түйін" бағдарламасында айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда мектептердегі басқару жүйесін жаңарту мәселесі талқыланып жатыр.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, мектеп директоры қызметі бұрынғыдай зейнетке шыққанға дейін атқаратын тұрақты лауазым болмауы тиіс. Себебі білім беру саласында басқару тәсілдері өзгеріп, жаңа талаптар қалыптасқан.
"Қазіргі уақытта білімді, креативті, басқару қабілеті бар мұғалімдер көп. Сондықтан солардың арасынан тиімді менеджерлер шығуына мүмкіндік беретін жүйе қалыптастыруымыз қажет", – деді министр.
Оның айтуынша, алдағы уақытта мектеп директорларының бір орында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеуіне шектеу қою мәселесі қарастырылып жатыр.
Ұсынылып отырған модель бойынша қала мектептерінде "2+2" жүйесі, ал ауыл мектептерінде "3+3" жүйесі енгізілуі мүмкін. Яғни қаладағы мектеп директоры алдымен екі жыл қызмет атқарады. Егер жұмысы оң бағаланса, тағы екі жылға тағайындалуы ықтимал. Осылайша бір мектепте директордың ең ұзақ жұмыс мерзімі төрт жыл болуы мүмкін.
Ал ауылдық жерлердегі мектеп директорлары үшін бұл мерзім ең көбі алты жыл болуы ықтимал.
Министрдің айтуынша, бұл бастама қазір арнайы жұмыс тобының қарауында. Нақты шешім келесі оқу жылы басталғанға дейін қабылдануы мүмкін.