Статистикалық деректерге қарасақ,еңбек нарығындағы жағдай тұрақты көрінеді. Бұл жұмыспен қамту бойынша қарқынды әрекет жүріп жатыр дегенді білдіреді-мыс. Мәселен, осы сәтте жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз шамасында. Ал жұмыспен қамтылғандар саны 9,3 миллион адамға жуық.
Алайда, ресми көрсеткіштер бір жағынан тұрақтылық әсерін қалыптастырғанымен, нақты жұмыспен қамту қандай факторлардың есебінен қамтамасыз етіліп отырғаны туралы толық ақпарат табу қиынға түседі. Яғни, еңбек нарығында сұраныс бар, бірақ, қандай жұмыс орындарына адам қабылдау жүргізілгені туралы ашып айтылмайды. Демек, жұмыс орындары статистикасында маусымдық немесе уақытша жұмыс күшіне қатысты сұраныс басым болуы мүмкін.
Ал мансап орталықтары мен әлеуметтік қорғау секторы бұл ерекшеліктерді бөлек қарастырмайтынға ұқсайды. Бұл жердегі негізгі ұстаным: адамдардың тұрақты әрі табысты жұмыспен қамтылуы бөлек мәселе, ал еңбек нарығында қозғалыс туралы есеп беру маңыздырақ. Әлбетте, бұл жердегі негізгі екпін жаңадан ашылған жұмыс орындары мен жас мамандардың еңбекпен қамтылуына берілуге тиіс.
Екіншіден, жұмыспен қамту саласына қатысты статистика деректерінен ішінара алшақтық байқалады. Есепке жүгінсек, еңбек нарығындағы 2,1 миллион адам, яғни жұмыспен қамтылғандардың 23 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың санатына кіреді екен. Яғни, көп адам үшін бұл саналы таңдау емес, мүмкіндіктердің шектеулі болуынан туындаған амал болып отыр. Мұнан бөлек, жалпы жұмыспен қамтылған 9,3 млн адамның ішінен өзін өзі жұмыспен қамтыған 2,1 млн адамды бөліп алсақ, шамамен 22,6 пайызы тек төменгі мөлшерде әлеуметтік төлем төлеуші болып шығады. Яғни, бұл жерде экономикалық белсенділік туралы айту күлкілі болар еді.
Үшіншіден, сұраныстағы жұмыс орындарының негізгі өсімі сауда саласына тиесілі дейді. Оның жалпы үлесі 16,7 пайызды құрайды. Ал тұтас өнеркәсіп секторы бойынша еңбекпен қамту деңгейі 12,4 пайыз деңгейінен аса алмай тұр.
Сонымен қатар тіркелген көрсеткіштер арасындағы теңсіздік те айқын көрініс тауып отыр. Жалпы жұмыссыздық деңгейі төмендеп жатқанымен, тіркелген жұмыссыздардың саны 1,8 пайыздан 2,2 пайызға дейін көбейген. Бұл еңбек нарығына келіп жатқан адамдар санының артқанын, бірақ оған сай сұраныстың жеткілікті деңгейде ұлғаймай отырғанын көрсетеді.
Айтпақшы, елде еңбек күшіне кірмейтін 4,6 миллион адам бар екен. Әлбетте, олардың саны ресми статистикаға енгізілмейді.
Дегенмен, қазіргі сәттегі әлеуметтік-экономикалық жағдайда он миллионға жуық адамның екі қолға - бір күрек тауып, нәпақасын айырып отырғанына шүкір деуіміз керек сияқты. Ал бұл адамдардың маңдай терінің өтеуі туралы әңгіме бөлек. Біз бұған дейін елдегі орташа табыс пен медианалық жалақы туралы мәселе көтергенбіз.