Ұлттық статистика бюросының жақында жариялаған деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың IV тоқсанында орташа айлық атаулы жалақы 473 158 теңгені құрады.
Әлбетте, бұл жаман көрсеткіш емес. Алайда осы санның ар жағында қарапайым халықтың шынайы табысы қандай екенін екшеп шығу бөлек мәселе. Мұны айту үшін осы жерде орташа статистикалық көрсеткіш пен медианалық көрсеткіш ұғымына тоқталайық. Орташа жалақы дегеніміз барлық жалақыны қосып, оны адамдар санына бөлгендегі көрсеткіш екен. Қарапайым тілмен айтқанда, адамдардың барлығы қанша ақша табады, соны тең бөлгенде шығатын сома орташа жалақы ұғымын береді.
Мысалы, бір ұжымдағы бес адамның жалақысының көлемі әртүрлі және 100 000, 150 000, 200 000, 500 000, 1 000 000 теңге деп алайық. Барлығын қосқанда бір айлық табыс 1 950 000 теңге болады. Шыққан соманы 5 адамға қылдай етіп бөлгенде 390 000 теңгеден тиеді. Ресми тілдегі орташа жалақы дегеніміз осы.
Бірақ, мысалдағы 5 адамның жалақы деңгейі әртүрлі болғандықтан, нақты қолға алатын сома да әртүрлі болатыны түсінікті. Яғни, еңбек жүктемесіне сай төленетін айлықты нақты табыс тұрғысынан қарастырғанда әлеуметтік теңсіздік белгісі көрініс табар еді. Мұны болдырмау үшін айлық табысты есептеуде медианалық жалақы көрсеткіші қолданылады.
Медианалық жалақы дегеніміз ең төменгі жалақы мөлшерінен бастап, ең жоғарғы жалақыға дейінгі табыс тізбегі. Оның мөлшерін анықтау үшін төмен мен жоғарының орташа шегін есептеп алады да, сол сома медианалық жалақы көрсеткіші ретінде есептеледі.
Бұл есептеу бойынша ұжымдағы жұмысшылардың 50 пайызының табысы аз, ал 50 пайызының табысы көп болып шығады. Мысалы, тағы да 5 адамның жалақысын алайық. Тиісінше 100 000, 150 000, 200 000, 500 000, 1 000 000 теңге жалақының ортасында тұрған сан 200 000 теңге болады. Яғни, мысалдағыдай 5 жұмысшысы бар мекемедегі медианалық жалақының мөлшері 200 000 теңге болып есептеледі. Бұл адамдардың нақты табысын анықтаудың ашық та әділетті жолы.
Ал сөз басында айтылғандай, 2025 жылдың IV тоқсанында медианалық жалақы көлемі 339 912 теңге болған. Яғни, аталған кезеңдегі медианалық көрсеткіш орташа жалақыдан шамамен 133 мың теңгеге аз. Яғни, бұл айырмашылық кездейсоқ цифр емес, керісінше, елдегі табыс теңсіздігінің айқын көрінісін білдіреді.
Жалпы, экономистер медианалық жалақыны халықтың нақты табысын сипаттайтын негізгі көрсеткіш ретінде қарастырады. Себебі, орташа жалақы жоғары табыс табатын аз шоғырдың есебінен көп болып көрінуі мүмкін. Ал медианалық жалақы жұмысшыларды теңдей бөліп, ортасында тұрған деңгейді көрсеткен. Демек, былтыр қазақстандықтардың басым бөлігі 473 мың емес, шамамен 340 мың теңге көлемінде жалақы алады деген сөз шындыққа айналады.
Әлбетте, мұның сыртында ресми статистика мен шынайы өмір арасындағы алшақтық тағы жатыр. Себебі, соңғы жылдары инфляция халықтың нақты табысын төмендетіп жіберді. Ресми дерек бойынша жалақы көбейгенімен, дүкендегі баға одан да жылдам өсіп жатыр. Нәтижесінде, адамдардың сатып алу қабілеті әлсіреуде.
Бұл жағдай қарапайымды мысалмен түсіндірсек: жалақы 10 пайызға өсті дейік. Бірақ, азық-түлік пен комсуналідық қызмет бағасы да 15–20 пайызға қымбаттады. Сарапшылар мұндай жағдайда адамның табысы артқанның орнына шығыны көбейіп, іс жүзінде кедейлене түседі дейді. Өкінішке қарай, 1-сәуірден бастап еліміздің әлеуметтік өмірінде дәл осындай картина айқындала түсті.
Екіншіден, аймақтар арасындағы табыс алшақтығы да теңгерімсіз дамып келеді. Мысалы, жалақысы ең жоғары өңірлер қатарында Астана, Маңғыстау, Ұлытау, Атырау облыстары және Алматы қаласы кіреді. Аталған аймақтардың дені мұнай-газ, қаржы және әкімшілік ресурстар шоғырланған өңірлер қатарында. Мысалы, Атырау мен Маңғыстау облыстарында мұнай секторы басым болса, Астана мемлекеттік басқару орталығы, ал Алматы іскерлік және қаржы хабының эпицентрі. Осы факторлар жалақы деңгейін айтарлықтай көтеріп отыр.
Ал ауыл шаруашылығы басым немесе өндірісі әлсіз өңірлер бұл тізімде жоқ. Бұл отандық экономиканың теңгерімсіз дамып жатқанын көрсетеді. Бір өңірлерде табыс жоғары болса, енді бірінде халықтың табысы күнкөріс деңгейінен әрең асып отыр. Демек, статистика көрсеткен медианалық жалақы өсімі туралы деректер де екіұшты әсер қалдырады. Мәселен, былтыр Ақмола облысында 17,4 пайыз, Солтүстік Қазақстан облысында 13,1 пайыз, Абай облысында 11,7 пайыз өсім тіркелген. Бір қызығы, осы өсім көрсеткішінің өзімен де мына өңірлер табысы жоғары аймақтарды ешқашан қуып жете алмайтынын мойындауымыз керек сияқты.
Демек, ел іші екі түрлі экономикалық шындықпен өмір сүруін жалғастыра бермек. Өйткені, медианалық жалақының көрсеткіші инфляцияның иірімі мен қызмет ақысының ағынына жұтылып кетіп жатыр.