Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы жаңа пәтуа шығарды. Бұл жолы Мүфтият халыққа уәде мен оның маңызына қатысты ақпарат берген, деп хабарлайды kznews.kz.
Мүфтият жазғандай, уәде беру – белгілі бір нәрсені жүзеге асыруға қатысты берілген сөз. Ислам құқығында уәде екіге бөлінеді екен.
«Жалпы уәде, бұл ешқандай шартқа байланбаған, ерікті уәде (сөз). Көпшілік ғалымдардың (ханафи, шафиғи, ханбали) көзқарасы бойынша мұндай уәдені орындау – діни және моральдық тұрғыдан міндет. Алайда құқықтық (қазилық) тұрғыдан оны мәжбүрлеп орындату міндетті емес. Мысалы, бір адам басқаға қарыз беруге уәде етсе, оны орындау дін тұрғысынан міндет саналады. Бірақ уәде орындалмаған жағдайда құқықтық жауапкершілік жүктелмейді», - деп жазады Мүфтият.
Ал, екінші уәде келісім жасалған уәде. Міне, Осы уәдені орындау және орындату – діни тұрғыдан да, құқықтық тұрғыдан да міндет.
«Келісімде берілген уәдені орындау – белгілі бір шарттың орындалуына байланысты берілетін уәде. Кейбір ғалымдар мұндай уәдені орындау құқықтық тұрғыдан да міндетті деп санаған. Мысалы, «мына көлікті ал, жетпегенін қарызға беремін» деп уәде беру. Егер екінші тарап осы уәдеге сеніп әрекет жасаса, уәде орындалмаған жағдайда ол нақты зиянға ұшырайды. Сол үшін берген уәдесін орындауы міндетті. Бұл ханафи және мәлики мәзһабтарының ұстанымы», - деп жазған Мүфтият.
Дереккөзге сүйенсек, уәдені орындауға қатысты Халықаралық Ислам фиқһы академиясының да арнайы нөмірленген (№40-41, 2/5, 3/5 – авт) шешімі бар екен.
«Ол шешімде «ешбір үзір болмаса, уәдені орындау діни тұрғыдан міндет. Ал егер уәде белгілі бір себепке байланысты беріліп, уәде етілген адам соған сүйеніп шығынға ұшыраса, онда құқықтық (қазилық) тұрғыдан да уәдені орындау міндетті болады. Мұндай жағдайда орын алған шығын уәдені орындау арқылы немесе нақты келтірілген зиянды өтеу жолымен шешіледі», деп жазылған. Ал келісімде берілген уәдені орындау форс-мажор жағдайында жеке қаралады», - деп хабарлайды Мүфтият.
Осыларды ескере отырып, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы мынандай пәтуа шығарып отыр:
Уәдені орындау діни және моральдық тұрғыдан – міндет.
Келісімде берілген уәдені орындау құқықтық (қазилық) тұрғыдан міндетті болып саналады. Егер уәде беруші уәдесін орындамай, соның салдарынан екінші тарапқа зиян келсе, ол уәдесін орындауға немесе келтірілген зиянды өтеуге міндеттеледі.