KZNews.kz
Жаңалықтар

«Қамысты өртеп, қоршауды жаптық»: 1916 жылы қазақтарды жуасыту ісі қалай жүзеге асты?

Дархан Тоқан
Фото - Caravan.kz

Тарихи тақырыпта қалам тербеп жүрген Руслан Шынтас 1916 жылғы көтеріліске шыққан қазақтарды басуға қатысқан орыс офицерінің беймәлім естеліктерін көпшілікке ұсынды, деп хабарлайды kznews.kz тілшісі Caravan.kz медиа порталына сілтеме жасап.

Жарияланған жазбада лейтенант Станиславскийдің «Түркістан қырғыздарын (қазақтарды) жуасыту» деп атаған естелігі сөз болады. Оның айтуынша, 1916 жылдың қыркүйегінде Қазан әскери округі штабынан жеделхат келіп, «соғыс көріп ысылған» офицер қажет екені ескертіледі. Станиславскийді Қазаннан Орынборға, одан әрі Ақтөбедегі гарнизонға жіберіп, полковник Солей оған көтерілісті «тыныштандыру» тапсырмасын жүктеген.

Офицердің баяндауынша, ол өзімен бірге төрт пулемет, шамамен 300-дей жаяу әскер ротасын және байланыс үшін 50-ге жуық казакты алып шыққан. Су мен консерві артылған 50 түйе де беріліпті. Естелікте 18 бен 36 жас аралығындағы ер адамдарды «жартылай мобилизация» тәртібімен жинау бұйрығы болғаны, оның «өте қиын жұмысқа» айналғаны айтылады.

Станиславский қазақ жасақтары керуенді алыстан аңдып, кейде 500-600 адамға дейін топтасып шабуыл жасағанын жазады. Ондай кезде отряд керуенді тоқтатып, түйелерді жатқызып, пулеметтен оқ жаудырғанын айтады. Оның сөзінше, оқтың «моральдық әсері» болғанымен, далада жаралылардың қалуы өзі «қорқынышты» көрініс екенін де еске алады.

Естеліктегі келесі бір эпизодта түн ішінде блиндаж маңында атыс шығып, қараңғыда жақындаған топтың «қырғыздар» екені айтылады. Лейтенант шабуылдан кейін 18 жауынгерінің өлгенін, тағы отызға жуық адамның пышақтан жараланғанын жазады. Бұдан соң ол картаға қарап, жақын маңдағы ауылға қарай қууға бел буып, ауылдағы үйлерге бомба лақтырылғанын келтіреді.

Офицердің мәліметінше, сол рейд барысында жиырма шақты адам ұсталып, олардың ішінде «екі неміс нұсқаушысы» болған. Қалғандары бірден атылғаны, ал немістерді Ақтөбеге жібергені туралы айтылады. Кейінгі бөлімде Әмудария маңына қарай қозғалып, негізгі әскердің сол жерге жиналуы керек болғаны баяндалады.

Естеліктің ең ауыр тұсы — Әмудария сағасына таяған кезең. Станиславский 17 қаңтарда өзенге жақындағанын, көтерілісшілер ұзындығы 10–12 верст, ені бес верстке созылған қамыс арасына тығылғанын жазады. Барлаушылар «кем дегенде 40 мың адам» бар деп жеткізгенін айтады. Офицердің сөзінше, екі күн бойы «жаудың көз алдында» тұрған кезде казактар бекеттерден өтпек болған үш немісті тұтқындап, сол күні олардың атылғанын келтіреді.

20 қаңтарда қамысқа қарсы шабуыл жасалғаны, құрамында шамамен 4000 жаяу әскер мен 500 атты әскер болғаны көрсетіледі. Бірақ қамыс ішінен оқ жауған соң, бөлімше шығынға ұшырап, кейін шегінуге мәжбүр болғанын айтады. Одан әрі өзеннің қарсы жағалауы алынған соң, көтерілісшілер қоршауда қалғаны, қоршауды түнде бұзуға тырысқандардың «бірден атылғаны» туралы дерек келтіріледі.

27 қаңтарда лейтенанттың естелігінде «қамысты өртеу» туралы шешім қабылданғаны жазылады. Оның айтуынша, қамыс отқа оранып, ішіндегі адамдар жалынды сөндіруге тырысқанда, оларға жақындауға мүмкіндік берілмеген. Қашқан жұрт мұз арқылы арғы бетке өтпек болғанда, артиллерия мұзды атқылап жарып жібергенін, көп адамның суға кеткенін айтады.

Станиславский бұл қырғыннан «4000-ға жуық адам» өзеннен өтіп үлгергенімен, арғы бетте пулеметпен «толық жойылды» деп көрсетеді. Сондай-ақ «7 мыңға жуық адам тұтқынға берілді», «3000 адамнан тұратын шағын топ» қоршауды бұзып, солтүстікке қарай кеткені де айтылады. Естеліктегі ең жан түршігерлік сөйлемдердің бірі: «2000-ға жуық адам қамыста тірідей өртенді. Өртенгендердің арасында көптеген әйелдер мен балалар болды», — деген жолдар.

Жазба соңында тұтқынға түскендердің ішінде «30-ға жуық неміс және 16 қытай» болғаны, олардың да атылғаны туралы мәлімет айтылады. Офицер қолға түскен қазақтардың ішінде «1000-ға жуық әйелдер мен балалар» болғанын, оларды «айдалаға тастап кеткенін» жазады. Ал ер адамдардың Ақтөбеге айдалып, кейін «Оңтүстік-Батыс майданына окоп қазуға» жіберілгені баяндалады.

Бұл естелік 1927 жылы Болгарияның Перник қаласында эмиграцияда жүрген кезінде жазылғаны көрсетіледі. Қоғамда мұндай деректердің жариялануы 1916 жылғы көтеріліске қатысты тарихи жад, отарлық саясаттың салдары және жазалау науқандары туралы әңгімені қайта қозғайтыны анық. Дегенмен кез келген мемуар секілді мұндағы деректерді архивтік құжаттармен, басқа куәліктермен салыстыра зерттеу маңызды.

Дархан Тоқан
Автордың басқа материалдары