Дислексия дерті мен дауасы: неге"нашар оқитын" балалар саны көбейіп барады?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 702 6094955
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 702 6094955

Біздің әлеуметтік желілер

Дислексия дерті мен дауасы: неге"нашар оқитын" балалар саны көбейіп барады?

Дислексия дерті мен дауасы: неге"нашар оқитын" балалар саны көбейіп барады?
Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Ғылыми прогресс алға озған сайын адам дамуына қатысты түрлі сұрақтардың да жауабы нақтылана түскендей. Әсіресе, дерт пен дауаға қатысты бұрын белгісіз болып келген себеп пен салдардың жайы ашылып жатыр. Бұл өз кезегінде сана мен сезім түсінігіне төңкеріс жасайтыны анық.

Мәселен, медицина ғылымындағы технология дамуының жаңа кезеңі адамның денсаулығы мен тәніндегі дертін ғана емес, психология мен нейрожүйесіндегі ақауларды да дәл анықтап, тиімді шешім қабылдауға жол ашты. 

Соның бірі балаларда жиі кездесетін дислексия диагнозы екен. Мамандар ғылымда "дислексия" термині салыстырмалы түрде кейін пайда болғанын айтады. XIX ғасырдың соңында да еуропалық дәрігерлер жоғары интеллекті, қалыпты дамыған, бірақ оқуды меңгере алмаған балаларды зерттей келе, дислексия диагнозын қолдана бастапты.

Бастапқыда бұл құбылыс "сөздік қорды жеткілікті пайдаланбау» деген мағынада қолданылған. Яғни, ата-ана да, тәрбие мекемелері де бұған бала бойындағы жалқаулық, зейінсіздік деп қарап, уақыт өте келе жөнге түсетін әдет деп ойлап, мән бермеуге тырысқан көрінеді. Кей жағдайда бала дамуындағы ақыл-ой кемістігі деген үкімге бергісіз анықтама да берілген дейді. Ал кейін нейроғылым дамыған сайын бұл құбылыстың жалқаулық немесе ақыл-ой кемістігі емес, мидың ақпаратты өңдеу тәсілінің ерекшелігі екені айқындала бастапты.

Деректер әлемдегі балалардың 17–23 пайызында дислексия бар екенін айтады. Бұл статискаға Қазақстан да қосылады. Нақты есептеу қиын, бірақ, ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда ел мектептеріндегі әр сыныпта кемінде 2–3 баланың дислексия диагнозымен отырғанын анық айтуға болады деген сөз. Көбіне бұл тізімге соңғы партада отыратын, үлгерімі төмен, өзіне сенімін жоғалта бастаған оқушыларды жатқызады екен.

Өйткені, елдегі педагогика саласы мен психолог-логопедтер дислексияны көбіне сөйлеу қабілетіндегі кемшілік арқылы танып, бағалауға бейімделген. Өйткені, көп балада күнделікті әңгімеде шатасу, сөздік қорының шектеулілігі байқалады. Оқу барысында да дәптердегі жолды көрмеу, әріп өлшемдерінің әркелкілігі сияқты белгілері болуы мүмкін. Тіпті, кейбір жасөспірімдердің аяқ киім бауын байлай алмауы да дислексия нышаны деп саналады-мыс. Осының бәрі балаға "қабілетсіз бала" немесе нашар оқушы" үкімін таңуға жетелейді.

Яғни, Қазақстанда "нашар оқитын бала" деген диагноз әлі күнге дейін педагогикалық тұрғыда өзекті. Көбіне ол жалқаулықпен, зейінсіздікпен, кейде тіпті тұйық мінезбен шатастырылады. Ал шын мәнінде, бұл балалардың бір бөлігінде мәселе тәртіпте де, ниетте де емес, мидағы ерекшеліктерінде екен. Зерттеулер көрсеткендей, дислексиясы бар балалар ақпаратты негізінен мидың оң жартышары арқылы қабылдайды екен. Бұл жартышар қиялға, бейнелік ойлауға, эмоция мен эмпатияға жауап береді. Мектепке дейінгі жаста барлық бала осылай ойлайды. Бірақ, 6 - 7 жасқа қарай көпшілігінде қабылдау сол жартышарға ауысады, себебі оқу, жазу, есеп шығару әдеттері осы бөлікке байланады. Ал дислексиясы бар балаларда бұл ауысу болмайды-мыс.

- Елімізде дислексия диагнозын ерте анықтау, оны емдеу- сауықтыру шаралары кенже қалып отыр. Тіпті, мұнымен айналысатын маман да тапшы. Біз баладағы дислексияға тек мектеп кезінде ғана назар аударамыз. Онда да нашар оқыған баланы дислексия деп бөлектеп, онымен логопед айналысуы керек деген түсінік басым. Ал батыстық тәсілде мұндай белгілер байқалған болса, алдымен баланың миында не болып жатқанын зерттейді. Белгіге емес, себепке қарайды, — дейді Астанадағы бірегей Дислексия орталығының басшысы, халықаралық деңгейдегі маман Елена Данилова.

Маман өз тәжірибесіне сүйеніп, мұндай балалардың оқу барысында әріпті басқаша көретінін, естіген дыбысты да өзгеше өңдейтінін және берілген мәтінді түзу сызық бойындағы күйде емес, басқаша сипатта, мәселен ирек күйде қабылдайды дегенді айтады. Баланың бұл мәселесі тек мәтін оқуда емес, көркем жазуда, математикада, тапсырманы түсінуде де байқалады екен. Мұндай жағдай онсыз да қиналып жүрген баланы одан әрі тұйыққа бастайтын көрінеді.

Деп келгенде, дислексия неден пайда болады және оны қалай емдеуге болады деген сауал туады.

Қазір әлемде дислексияны түсіндірудің екі түрлі бағыты қалыптасқан. Бірі логопедия бағатында, бұл посткеңестік кеңістікте кең таралған тәсіл. Екіншісі - нейропсихологиялық бағытта. Мұны Еуропа елдері кеңінен қолданады дейді. Ал Елена Данилова өзі құрған орталықта осы еуропалық тәсілмен емдейді екен. Өйткені, батыс елдерінде дислексиямен логопед емес, психологтар мен нейропсихологтардың айналысу тәжірибесі тиімді болған. Олардың түзету бағдарламаларындағы ерекшелік , баланының жаттау қабілетін күшейтуге емес, ойлау стратегиясын өзгертуге бағытталады. Ал елдегі мектептерде дислексияны анықтау баладан дауыстап мәтін оқып беруді талап етеді және жаттығу тек жаттатумен шектеледі деген қате түсінік бар.

- Шын мәнінде, бала техникалық тұрғыда жақсы оқуы мүмкін, бірақ оқығанын түсінбеуі ықтимал. Немесе керісінше, мәтінді түсінеді, бірақ математикада қиналады. Мысалы, дислексиясы бар балалар қазақ тілінде жиі кездесетін к мен қ әріптерін ажырата алмау. Бұл немқұрайдылық емес. Баланың дыбысты естіп, оны ми деңгейінде өңдеуінің ерекшелігіне байланысты, - дейді маман.

Айтпақшы, қазір елімізде дислексияны анықтауда TOD әдістемесі енгізіле бастапты. Ол тек оқу дағдысын емес, баланың стресс деңгейін, психологиялық күйін де бағалайды. Себебі дислексиясы бар балалардың басым бөлігі үнемі қысымда өседі екен.

Кей жағдайда дислексияның генетикалық негізі анықталу мүмкіндігі де бар екен. Яғни, балада туабітті, қанмен берілген белгілер байқалмай жүреді де, сабақ кезінде білінеді. Ортаның да әсері болалы екен. Мысалы мұғаліммен қарым-қатынас, оқу тілінің ауысуы, билингвизм сияқты...

Екіншіден, цифрлық әлемнің ықпалы да дислексияны асқындырады дейді мамандар. Батыс ғалымдары гаджеттерді үнемі қолдану балада клиптік ойлауды қалыптастырып, оң жартышардың белсенділігін арттырады-мыс. Тіпті, дислексиясы бар балаға виртуалды әлем жақын әрі жеңілірек болып көрінеді екен. Өйткені, өзімен өзі қалу, виртуалды әлемдегі қызық ақпарат баланың айырылғысы келмейтін өміріне айналып кетуі де ғажап емес. Мұны дер кезінде қолға алмаса дислексия асқынып, мектептегі мәселемен жалғасуы ықтимал. Оны жоғарыда айттық.

Дегенмен дәл осы балалардың ерекшелігіне дұрыс қолдау болса, олар түбінде кәсіпкерге, IT-маманға, жазушыға, шығармашыл тұлғаға айнала алады екен.

Әлбетте, дислексия баланың маңдайына басылған "қарғыс таңбасы" емес. Ол емделетін әдет дейді мамандар. Ерте анықтау мен оңтайлы жаттығу дислексиясы бар адамға қай жаста болсын сауықтыру мүмкіндігін береді.

Түйіндеп айтқанда, дәл қазір елімізге дислексияның дауасын іздеуге жаңа көзқарас керек. Әсіресе, әлемдік тәжірибеге сүйену жағы жоққа тән. Мысалы, Үндістанда балалар мектепке қабылданғанда-ақ оқу қиындықтарына қарай диагностика жасалады екен. Қауіп тобына кіретін балалар бейімделген бағдарлама бойынша оқып, кейін негізгі сыныпқа қосылады дейді. Ал бізде дислексиясы бар баланың орыны соңғы парта ғана...

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.