Димаш Құдайбергенге шапан тіккен дизайнер: Ұлттық киім – бейсанамызда бұғып жатқан төл символ мен төл мағына
18.03.2024
10:19
0
28

Қазақ халқының ұлттық киімі – қадым заманнан бері ежелгі дәстүр бойынша тігілетін киім үлгілерінің бірі.
Оның бүгінгі күнге дейін ұмытылмай, жойылмай келе жатқаны ұлттық өнерге қызыққан дизайнерлердің арқасы десек, артық айтқанымыз емес. Мұндай салаға қызығатындар, әрине, аса көп емес. Десе де ұлттық нақыштағы киімді әлемдік деңгейге дейін көтеріп, насихаттап жатқан, мұхиттың арғы жағындағы мемлекетке де елдің өнегелі кәсібін үйретіп жүргендер қатарында есімі елге етене таныс бір жан бар. Ол – Тәрбия Айдымбаева. Жуырда Димаш Құдайбергеннің өзі «Тәрбия» деп аталатын ұлттық киім дүкенін киінеді екен сыбысты немесе әншінің өзі әлеуметтік желіге салған ұлттық шапандағы суретін көрген боларсыз?.. Иә, сол аталмыш брендтің негізін қалаушы, еліміздегі ең мықты этнодизайнерлердің бірі Тәрбия ханыммен жақында сұхбат құрып, көңіл түкпірінде жатқан сан түрлі сауалға жауап іздедік. Ендеше сол әңгімемізді мәртебелі оқырман назарына зор ықыласпен ұсынғалы отырмыз!
«Өз-өзіңді сыйласаң, жат жанынан түңілер»
- Тәрбия ханым, алғашқы сауалымды мына дүниеден бастағым келіп отыр. Сіз – қазір еліміздегі белгілі дизайнердің бірі де, бірігейісіз де. Өзіңізді танитын жұрт «Димаштың өзі шапанын киетін Тәрбия Айдымбаева» деп біледі. Айтыңызшы, осы ұлттық киім дегеніміз не әрі оған қолдау қажет пе? - Әрине, елімізде ұлттық киімді көбірек насихаттау қажет. Себебі ұлттық киім – ұлттық рухтың көрінісі. Мәселен, күні кеше таэквандошыларға ұлттық костюмді бір-ақ күнде тігіп бердік. «Біз ұлттық киімде шыққымыз келеді, өнер көрсеткіміз келеді, оны өзгеше қылып тігіп беріңізші» деп өтінген соң, өтінішті жерге қалдырмадық. Олардың көзіндегі жеңіске деген ұмтылысты, отты, жігерді көріп, өзім де жақсы іске себепкер болып жатқанымды түсіндім. Сондағы байқағаным, ұлттық киімді кие сала, олардың көзінен өзгеше бір құбылысты байқадым. Мұны көзге көрсетіп, қолға ұстату мүмкін емес. Алайда бір-ақ нәрсе – ақиқат. Сөзсіз, ұлттық киім бүгінгі таңда ұлттық рухты, тарихи жадты оятады. Ол – біздің бейсанамызда қалып, көрінбей, бұғып жатқан төл символ мен төл мағына. Қарға тамырлы қазақтың ұлттық бірегейлігі, болмысы, семіп бара жатқан көңіл көзі, «өз-өзіңді сыйласаң, жат жанынан түңілер» дейтін өзіне ғашық санасы, сезімі, махаббаты – бәрі де мен үшін ұлттық киімде. Біз осы жұмыстың аясында қаншама шетелге бардық. Мысалы, былтыр Бразилия, Пәкістан, Италия сияқты елдерде болдық. Қай жерге бармайық, бізді жылы қарсы алып, жылы қабылдап жатқан жұрттың қарасы көп. Біздің қазақ қоғамының кейбір өкілдерінде «ұлттық киім неге керек, кімге керек, оны әлем мойындай ма, жоқ па?» деген таптаурын қалыптасып кеткен. Таптаурынның аты – таптаурын. Бір қызық айтайын, біз былтыр ғана Бразилияда болдық. Артынып-тартынып біраз ұлттық киімді сол жаққа апардық. Бәрін көрмеге келген шетелдіктер сатып алды. Ол жақтан тек бір-ақ орамал қайтты. Сосын Италиядағы елшілікте көрме өткіздік. Оған да ағылып келген бұқараның қарасы көп болды. Олардың қазақы киімге қызыққаны соншалық, қолымды алып, рақметін жаудырып жатты. Ал осыдан кейін «қазақтың ұлттық киімін ешкім мойындамайды!» деп кесіп-пішіп, күллі ұлттың атынан айтуға қалай дәтіміз жетіп отыр?!. Бұл – ешқандай пафос емес, факт. Өзге жұртты қоя тұрып, өзімізбен көршілес, еншілес мемлекеттерді алайықшы. Мысалы, соның бірі – Қырғызстан. Олар да біздің ұлттық киімге үлкен қызығушылық танытып, қазір оны айна-қатесіз көшіріп, «барахолкада» сатып жатыр. Біз жасаған ұлттық киімдердің ішінде көбіне өтімді бес түс бар. Менің таңғалатыным – соны қырғыздардың дәлме-дәл қайталап, сатылымға шығарып жатқаны. Әрине, сапасы өте нашар. Десе де сол «сапамен-ақ» өз еліндегі киім нарығын біртіндеп жаулап жатыр. Сондықтан кейбір азаматтардың ұлттық киімге қатысты көзқарасындағы төмендікті көргенде, пұшайман боламын.
Әр белгінің сәнін кетіріп отырмаймыз
- Иә, айтуыңыз орынды-ақ. Десе де сол сіз атаған таптаурынның қоғамдық санада болуына кейбір дизайнерлердің ою-өрнекті киімге сала-құлаш қылып салып, сосын ашық кеңістіктің бәріне толтырып тастайтыны ықпал еткен секілді. Қазақ этнодизайнында жалпы қандай ұлттық элементтер жиі кездеседі? Қазір көп қолданып жүрген кошқар мүйізді атамағанда, қандай элементті тек қазақтікі, басқа халықтікіне ұқсамайды дей аламыз? - Бұны түсінуге әбден болады. Ұлттық киім мен ондағы ою-өрнек, белгілер хақында талас көп. Ол болған да, бола да береді. Қайтеміз, заңдылық қой. Соның бірі – оның «стандартқа сай ма, сай емес пе, оны кисем, экзотик болып көрінбеймін бе?» деген түсінік. Шынымды айтайын, біздің киімді көбірек Еуропаға лайық жасалған деп атауға болады. Бояуды орынсыз баттастырып, ою-өрнекті барлық жерге жабыстырып, киімнің де, мұндағы әр белгінің де сәнін кетіріп отырмаймыз. - Осыны сіздің киім дүкенін аралау барысында да байқадым. Маған сіздің киімді сатып алатындар көбіне сол сән өнеріндегі минимализмге жаны жақын қазақтар секілді көрінді... - Солай деуге де болады. Яғни біздің киімдер – стилі жағынан минимал, түсі жағынан өтімді және ең бастысы символдық жағынан өте мағыналы. Сосын да шығар, оны еуропалықтар да, азиялықтар да емін-еркін кие алады. Сондықтан сапа мен мән үйлескен жерде, тауар өтімді болады. Біздің өзіміздің тұрақты тұтынушыларымыз бар. Тіпті Татарстаннан арнаулы тапсырыс беріп, тауарды тұрақты алатын тұтынушыларымыз бар. Бұл жердегі тұтынушы тек қарапайым халық емес, кәсіби мамандар да. Айтпағым, ол өлкедегі белгілі дизайнерлер де біздің ұлттық киімдерді киіп жүр. Түркия мен Сауд Арабиясынан да тұрақты тұтынушыларымыз бар. Олар өздері келіп, өздері таңдап, киімді көбірек алып кетеді. Себебі сапалы, сәнді, мәнді дүниені талғампаз адам ұнатады да, шын бағасын біледі де.

Сапаны құртып отырғандар – көшірме жасайтындар
- Өткенде қазақша контентті дамытып жүрген ютубтегі блогерлердің бірінен Құлжа қазақтарына қатысты шығарылымды көрдім. Сонда Құлжа қазақтары Қазақстанда тігілетін ұлттық киімнің өте сапалы екенін, бірақ бағасы бірнеше есе қымбат екенін айтады. Сіздің нарыққа ұсынып отырған бағаңыз қандай? - Иә, киімнің бағасына қатысты түрліше пікір айтылады. Бірақ бүгінгі таңда біздің баға өте қолжетімді деп толықтай айта аламын. Сол себептен де шығар, шетелдіктер біздің өнімді жаппай сатып алады. Тіпті жай қарапайым турист 4-5 киімді бірден алады. Біз үшін бәлкім, бұл баға сәл қымбатырақ шығар. Ал олар үшін баға өте арзан. Менің негізгі мақсатым – бағаны халыққа қолжетімді ету. Бірақ арзандыққа барамын деп, сапаны құртқым келмейді. Әрине, қазір бүкіл ел шапан тігеді. Барлығы оңай көрінер. Алайда біз нарыққа қалай кірдік? Оны ешкім білмейді. Көптеген қиындықты бастан өткердік. Ал қазір ше? Сол еңбекті ескермей, бізден айнытпай көшіріп басатындар бар. Меніңше, бағаны түсіремін деп сапаны құртып отырғандар – осылар. Құдай-ау, бізде ою-өрнек көп қой?! Шабыттандыратын әртүрлі дүние бар. Кез келген нәрсе әркім ойлағандай оңай шыға қоймайды. Мәселен, маған өткенде таэквандошылардан тапсырыс түскенде, «қолымнан келгенін жасаймын» дедім. Сөйтіп, олар киімін аэропортқа барғанда бір-ақ алды. Жасаған дүнием, яғни киім бастысы маған ұнауы керек. Өйткені өзіме сыни көзбен қарап, «бұл дұрыс емес, бұл маған ұнамайды» десем ғана сапалы туынды шығара аламын. Қазіргі маған көптеген оқырманым «сіздердің киімді жалға алып кисем бола ма?» деп жазады. Иә, қазақы киім рухты оятады. Бірақ солай екен деп киімді жалға бергім келмейді. Ақша үшін олай жасай алмаймын. Біреуге жалға берген дүниені кейін сататын болсам, одан менің жан дүнием қанша рет қорланатынын ешкім біле де қоймас... Ақшасын жинап, шапан сатып алуға келген адамға киілгенін қалай сатамын? Содан барып, жүрегімде қаншалықты тазалық қалар еді? Осы мәселе бойынша мені мазалайтындар әуелі мұны ұғынып алса деймін.
Түркітілдес халықтың оюы – бір
- Көп іс тындырдыңыз, ұлттық киімнің неше түрін жасап та келесіз. Бірақ сол ою-өрнек қарап тұрсаңыз, бәрінде бар. Бірде сіздің отандық телеарнаның біріне берген сұхбатыңызда «барлық ел бүгінгі күні ұлттық киіміне көңілі толмайды» дегеніңізді естіп қалдым. Мұны қалай түсіндірер едіңіз? - Бәрі «сіз шапан жасадыңыз ғой, осы да жетпей ме?» дейді. Болдым, толдым деген адам түбінде оңбай ұтылады. Дүниенің өзі – үлкен шығарма ғой. Жалпы кез келген шығармашыл адамға семіріп, тойынып сөйлеуге, жалпы олай жасауға болмайды. Әлі Қазақстанда жасайтын дүние көп. «Өзімдікін жасадым» дейтін әңгімені тек көшірмемен айналысатын адам ғана айтады. Қаншама жыл өзге елге бодан болып, тізгінді енді-енді қолымызға алып, жаңа идеяларды жүзеге асырғалы тұрған жұртпыз. Неге жаңашылдыққа ұмтылмаймыз осы? Оның ішінде көзге көрінбейтін дүниелер өте көп. Бірақ біз тек біреудің жасаған дүниесін ғана көреміз де, «солай жасауға да болады екен ғой» деп соны қайталағымыз келіп тұрады. Жоқ, біздің батыл қадам жасауымыз қажет. Көп нәрсе істеген ісіңе деген адалдыққа, махаббатқа, тынымсыз еңбекке байланысты. Егер турасын айтар болсақ, иә, түркітілдес халықтың барлығының оюы – бір. Барлығы белгілі бір мағынаны білдіреді. Бізде бар дүние өзге ұлтта да бар дей аламыз. Мысалы, қошқар мүйізді ою-өрнек Қытайда да бар. Демек бұл жерде мәселе неде? Мәселе оны адам қалай және қай мағынада ұсынады, сонда. Айырмашылық дегеніміз – осы ғана.
Киімге таңдалатын түс әр өңірдің түсті қабылдау ерекшелігіне байланысты
- Жалпы дизайнерлер түс таңдағанда неге мән береді? Мәселен, сіздің түс таңдауда өзіңізге қойған белгілі бір талаптар бар ма? - Өте орынды сұрақ. Бізде дизайнерлер түс таңдаған кезде құдды бір ауадан ала салғандай сөйлейтіндер бар. Бірақ ешқашан олай емес қой. Киімге таңдалатын түс көбіне әр мемлекеттің, әр өңірдің ауа-райына, түсті қабылдау ерекшеліктеріне байланысты болады. Менің талабым да – осы. Демек түстің өзіне сол ұлттың адамы қабылдайтындай реңк, бояу болуы қажет. Бұйыртса, жақында жаңа киімдер шығарамын. Онда гүл де, аң да – барлығы қамтылады. Қазақы үлгіні флора мен фаунаның негізінде барынша көркем қылып жеткізіп көрмекпіз. Киімдегі түстің маңызын сол кезде көре жатарсыз.Әрбір адамның ішінде бір-бір мифтік кейіпкер өмір сүреді
- Дизайн саласындағы бір қырыңыз – мифке деген әуестік. Сіздің Серікбол Қондыбай жазған мифтік бейнелерді тірілтіп, оны образды киімдер арқылы көрсеткіңіз келгенін білемін. Мұндай ой қайдан келді? - Мифтік кейіпкерлерге қызығушылық таныттым. Сол себепті коллекция жасауға бекіндім. Қазақтың фольклорында, ертегісінде жезтырнақ, албасты, жеті басты дәу, дию деген бейнелер көп қолданылады. Барлығы – мифтік кейіпкерлер. «Қазақ мифологиясы» атты ғылымның ірге тасын қалаған ғалымның мифтік кейіпкерлеріне қызықпау мүмкін де емес. Мен оның шығармашылығын зерттей келе, өз қиялымнан туындылар шығаруға талпынып көрдім. Костюмді әзірлеуге 1 жарым жылдай уақыт кетті. Көрме ең басында Маңғыстаудағы Шетпе ауылындағы Серікбол Қондыбай атындағы мұражайда болды. Мұражай деген атауы болмаса, ол – нағыз қасиетті орын. XX ғасырдың Шоқаны деп атайтын Серікбол ағамызды танытатын, оның шығармаларының мәні жайында мәліметтер сақталған ғимарат қой бұл. Киімдерді Астанаға тек бір рет әкеліп көрсетіп, сосын ағамыздың атындағы музейге сыйға тарттым. Әрине, маған аталған киімді дайындау оңайға соқпады. Мәселен, Серікбол Қондыбайдың әпкесі Балсұлу ападан көптеген кітабын алдым, Зира Наурызбайдың аудармаларын оқыдым. Сөйтіп-сөйтіп біртіндеп ғалымды түсінуге тырыстым. Бастапқыда көп нәрсені ұға алмай, қатты қиналдым. Бірақ жиған-терген дүниеге қиялды қосып, өзімді еркін ұстаған кезде, Серікбол әлеміне аяқ бастым. Мифтік кейіпкерлердің сәнді көрінісін адамның көз алдына әкелдім. Сонымен қатар ол жерде тек көрме болған жоқ. Конференция да өтті. Оған әлемдік деңгейдегі мифологтар келіп қатысты. Сол кезде мифтер туралы жазып жүрген біраз қаламгер: «біз қанша жазсақ та, мифтердің қалай бейнеленетінін білмейді екенбіз, сіз қалай елестеттіңіз?» деп таңданып жатты. Мысалы, қазір біз кез келген мемлекетке Қазақстанда отырып хабарласа аламыз, дамып келеміз және дами да береміз ғой. Менің ойымша, мифтер де сол секілді. Олар өмір сүреді, жетіледі, дамиды. Бұл – әрине, менің көңілімнің бір бұрышында тұрған жеке ойым. Себебі мифтік бейнелерді жасау барысында «әрбір адамның ішінде бір-бір миф һәм мифтік кейіпкер өмір сүреді» деген ойға келдім. Мәселен, жанның өзі адамға қалай кірді және қалай шығады? Мұның өзі үлкен таным мен философия ғой. Миф те – сондай тылсым дүние.
Ұлттық киім – рухани кодымыз
- Ұлттық киімге қатысты әлемдегі көзқарастың қандай екенін білу үшін ғылыми мақалаларға зер салдым. Сонда мынадай нәрсеге куә болдым. Ғылыми мақалаларда біріншіден, ұлттық киімге деген көзқарас мәдени мұраға деген құрмет екені, одан кейін тарих екені айтылады, одан кейін барып, мұнда саяси контекст барын, яғни ұлттың өзінің бар екенін дәлелдеуге бағытталған патриоттық идея екені айтылады және соңғысы жаһанданудың, стандарттаудың ықпалынан оның ескіретінін әрі күнделікті киіп жүруге қолайсыз екенін айтады. Сіздің түсінігіңізде ұлттық киімге деген шынайы көзқарас қандай болуы қажет? -Кез келген нәрсеге салыстырмалы түрде қараған жөн. Мәселен, мен шетелден ұшып келіп, аэропорттан түскенде, көп жағдайда әуежай қызметкерлері орыс тілінде түсіндірме жұмысын жүргізеді. Сонда мен не істеймін? «Өзге ұлт өкіліне ұқсаймын ба, қазақша сөйлеуге намысыңыз жібермей отыр ма?» деп айта саламын. Кейбіреуі мені ұлтшыл деп бағалауы мүмкін. Алайда олай емес. Ол – қалыпты жайт. Сол себепті өз елімізде орыс тілінде сөйлейтін қазақтарды көргенде, зығырданым қайнайды. Ал оларға агрессив жауап берсеңіз, нәтиже бола ма? Олар тіл, тарих дегенді ұға ма? Әрине, жоқ. Бірақ сол орыстілді қазақтың генінде «ұлттық» қатпар бәрібір жатады. Оны тек ояту қажет. Міне, осы тұрғыдан алсақ, жаны қазақ адам ұлттық киім кигенде, өзінің қазақ екенін ұғына бастайды. Жігерленіп, рухтанады. Біртіндеп-біртіндеп тарихи жад оянады. Қысқасы, ұлттық киім – біздің сана түкпірінде жасырынған мәдени, тарихи, рухани кодымыз ғой. Оны дәріптесек, көп істе алға озамыз деп сенемін. Бұл – тек калорит қана емес, ұлттық идеологиялық құрал. Сол себепті, сіз келтірген мысалдарды зерделей келе, ұлттық киім ұлттың бар екенін дәлелдейтін айшық дер едім. Бірақ оны жалған патриотизммен шатастырмағанымыз абзал.

(0)
Бұл жерде әлі ештеңе жоқ