Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келесі президенттік сайлаудың қашан өтетінін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент лауазымы не үшін қажет деген сұраққа жауап берді. Сондай-ақ ол конституциялық реформа билік транзитіне және болашақ президенттік сайлауға дайындық деген болжамдарға да пікір білдірді.
«Вице-президент лауазымына қатысты әртүрлі әңгімелер жүріп жатқанын білемін. Шынында да, бірқатар шет елдерде мұндай қызмет бар. Кейбір сарапшылар Қазақстанда билік ішінде бәсекелестік күшейіп жатыр, түрлі үрдістер пайда болып, бұл қоғамды алаңдатуы мүмкін деп санайды. Алайда бұл қоғамға кері әсер етеді деп алаңдауға еш негіз жоқ. Вице-президент лауазымын енгізу мемлекеттік билік институттарын нығайтады, бұған алдағы уақытта көз жеткізуге болады. Мен Президент ретінде бұл қызметтен де, жалпы барлық реформалардан да үлкен үміт күтемін. Ал келесі президенттік сайлау қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясы белгілеген мерзімге сәйкес 2029 жылы өтеді», - деді Тоқаев.