Қоғам

Атырау әкімдігінің айласы: мүсінші сотталып, шенеуніктер аман қалды

Атырау әкімдігінің айласы: мүсінші сотталып, шенеуніктер аман қалды
kznews.kz

Атырауда жеті жасар Айарудың үстіне ескерткіш бюсті құлап, бала қаза тапқаннан бері бір жылдан астам уақыт өтті. Бұл іс қоғамда әділет пен жауапкершілік туралы үлкен пікірталас тудырды. Көпшілік кінәлілердің жазаланғанын күтсе, сот шешімі мүлде басқа қырына ауытқып кетті. Нақты мерзімге мүсінші сотталды. Ал ескерткішті орнатуға, қабылдауға және қадағалауға жауапты болған шенеуніктер мен мердігерлер істен тыс қалды.

Заңсыз қойылған тастұғыр зар илетті
 

Оқиға 2024 жылдың маусым айында Атыраудағы Жеңіс саябағы аумағында болды. Сол күні қатты жел соғып тұрған. Куәгерлердің айтуынша, қатты екпіннен салмағы екі жүз келіден асатын бюст орнынан қозғалып, жерге құлап түскен. Сол сәтте ескерткіштің жанында ойнап жүрген жеті жасар Айару мен оның әкесі және ағасы жарақат алды. Бала ауыр халде облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, алайда дәрігерлер баланың өмірін сақтап қала алмады.

Трагедияның себептері анықтала бастағанда, қоғам тағы бір сорақы жайтқа куә болды: бюст орнатылған жердің ресми жобасы, техникалық сараптамасы және балансқа қабылдау актісі болмаған. Яғни, ескерткіш төрт жыл бойы қалада «ешкімге тиесілі емес» нысан ретінде тұрған.

2020 жылы бюстер Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне орнатылған еді. Сол кездегі қала әкімі Қайрат Оразбаев демеушілердің есебінен жұмысты ұйымдастырған. 
Жоба ресми тіркелмегенімен, ашылу салтанаты өткізіліп, басшылар суретке түскен. Алайда нысанның беріктігі мен қауіпсіздігіне ешкім жауапты болмаған.

Мүсінші емес, құрылысшы жазаланды

Атырау қалалық сотының шешімі бойынша, бюст авторы — оралдық мүсінші Дмитрий Баймукашев кінәлі деп танылды. Оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру және жәбірленушілерге өтемақы төлеу жазасы кесілді. Апелляциялық алқа үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Баймукашев — танымал мүсінші, әйгілі шебер Юрий Баймукашевтың ұлы. Оның отбасы ондаған жыл бойы Қазақстанның түрлі қалаларында орнатылған монументтердің авторы ретінде танымал. 2020 жылы ол Атырау әкімдігінің өтініші бойынша Ұлы Отан соғысы батырларының бюстерін өз шеберханасында жасаған.

Алайда пандемия кезіндегі шектеулерге байланысты мүсінші Атырауға бара алмаған. Монтажды жергілікті жеке кәсіпкерлерге тапсырған. Олардың бірі — «Далас» жеке кәсіпкерлігі. Кейін сот барысында белгілі болғандай, мердігерде қажетті лицензиялар болмаған, ал монтажды істеген жұмысшылардың аты-жөні де ресми тіркелмеген.

«Мен тек бюстерді жасадым. Орнату ісімен басқа адамдар айналысты. Мен олардың қандай материал қолданғанын да білмедім. Пандемия кезінде аймақтар арасындағы қозғалыс шектелген еді», — деді мүсінші сотта.

Қорғаушысы Талғат Дәулетов сотта бұл нысандардың құрылыс емес, кіші архитектуралық форма болып саналатынын алға тартты. 

«Мұндай объектілерге жобалық-сметалық құжат пен сараптама талап етілмейді. Демек, “құрылыс нормаларын бұзу” бабы бойынша айыптау қисынсыз. Ол құрылысшы емес, мүсінші», — деп мәлімдеді.

Сот бұл уәждерді елемей, басты жауапкершілікті бюст авторына жүктеді. 

Ал мүсінді орнатқан және қабылдаған жергілікті билік өкілдері мен мердігерлер іс бойынша тек куәгер ретінде қалды.

«Қызым енді жоқ, бірақ кінәлі – жалғыз адам»

Айару Сабырованың әкесі Айдос Сабыров сот үкімімен келіспейді. Оның айтуынша, сот 32 беттен тұратын шешім шығарғанымен, онда нақты жауапты тұлғалар көрсетілмеген.

«Мен бір адамды ғана емес, бәрін кінәлі деп санаймын. Әкімдік те, монтаж жасағандар да, бақылауға тиіс органдар да. Бірақ жазаны бір ғана адам тартты. Ал менің қызым енді жоқ», — деді ол.

Бұл іс — мемлекеттік жүйедегі жауапсыздық пен немқұрайлықтың айқын көрінісі. Қайғылы оқиға болғанша ешкімнің есіне түспеген бюст, іс басталғаннан кейін бір-біріне сілтеген мекемелер, соңында жалғыз кінәлі болып қалған өнер иесі — бәрі осы жүйенің айнасы іспетті.

Жеңіс паркі аумағындағы бюст тек физикалық тұрғыда ғана емес, символикалық мағынада да құлады. Ол ескерткіш емес, жүйенің әлсіздігін, бақылаудың жоқтығын, ал әділдік пен жауапкершілік арасындағы теңсіздікті ашып көрсетті.

Айарудың қазасы бір отбасының қайғысы ғана емес, бүкіл қоғамға сабақ болуы тиіс. Себебі бұл іс — қағаз жүзінде жоқ жобалардың, формальды жауапкершіліктің және салғырт биліктің салдары. Ал оның құны — адам өмірі.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz