Әлеуметтік картина - 2025: өсім баяу, көңіл қаяу...
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Әлеуметтік картина - 2025: өсім баяу, көңіл қаяу...

Әлеуметтік картина - 2025: өсім баяу, көңіл қаяу...
Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Ресми статистика ел тұрғындарының табысы жыл сайын артып отырғанын көрсетеді. Алайда, бұл мақтанарлықтай жағдай емес. Өйткені, табыспен бірге адамдардың ақшалай шығыны да еселеп көбейіп келеді.

Мысалы, 2025 жылдың 4-тоқсанындағы есептеу бойынша тұрғындардың орташа ақшалай шығыны бір адамға шаққанда 338 мың теңгеге жетіпті. Ал арғы жылы бұл көрсеткіш 309 мың теңге болған. Яғни, тиісті кезең аралығындағы ақшалай шығын салыстырғанда 29 мың теңгеге өскен. Әлбетте, бұл бірнеше факторға байланысты. Біріншісі, инфляцияның құбылуынан болған шығын. Есепті кезеңде бір адамға шаққандағы ақшалай шығынның өсуі тұтыну нарығындағы бағаның өсімі мен қызмет көрсету бағытындағы төлемдердің артқанын көрсетеді. Екіншіден, төлем қабілетінің артуы да ақшалай шығынның өсімін туғызады. Яғни, сұраныс бар жерде баға мен қызмет көрсету ақысының өсімі табиғи түрде реттелетіні заңды. Үшіншіден, бұл жердегі өсімнің құрылымын анықтау маңызды. Қарапайым тілмен айтқанда, тапқан ақша қайда кетіп жатыр?

Статистикаға сүйенсек, ақшалай шығынның басым бөлігі азық-түлік сатып алуға кетеді екен. Былтыр тұрғындар тапқан табысының 52,3 пайызын азық-түлікке жұмсаған. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 50,1 пайыз шамасында болған еді. Яғни, табыс өссе де, адамдар азық-түлікке бұрынғыдан да көп қаржы бөлуге мәжбүр.

Салыстырмалы түрде жұрт ақшалай шығынның 18,9 пайызын ет және ет өнімдерін сатып алуға жұмсайтын көрінеді. Мұнан кейінгі орында нан және жарма өнімдері тұр. Ол жалпы шығын өсімінің 7,6 пайызын құрайды. Сондай-ақ, тұрғындардың сүт өнімдеріне деген сұранысы 5,5 пайызға көбейген. Бұдан дәл осы аталған өнімдердің бағасы тез өсіп, бүкіл тұтыну құрылымындағы шығынды арттырып отыр деуге болады. Есесіне, басқа шығындарға жұмсалған ақша көлемі айтарлықтай қысқарған.

Жалпы, адамдардың табысы артқан сайын өмір сапасын да жақсарып, соған сәйкес азық-түлік шығыны ғана емес, қызметтер мен тауарларға кететін шығын да артуы керек еді. Бірақ, статистика керісінше үрдісті көрсеткен. Мысалы, тұрғындардың азық-түлік емес тауарларды тұтыну үлесі 23,2 пайыздан 21,3 пайызға төмендеген. Ал қызметтерге жұмсалатын шығын шамамен 18 пайыз деңгейінде екен. Соңғысы арғы жылмен салыстырғанда тұрақты деңгейді сақтап қалған.

Мұндай жағдай елдегі әлеуметтік картинанының теңсіздігін көрсетеді екен. Яғни, адамдар болуы тапқан табысын жаңа мүмкіндіктерге бағыттай алмайды. Тұрғындардың көп бөлігі тек күнделікті жағдайды ұстап тұруға ғана ақша жұмсап отыр деген сөз. Бұл жағдай аймақтар арасындағы алшақтықты бұрынғыдан да айқын сипаттап отыр. Яғни, өңірлердегі табыс теңсіздігі тереңдеп келеді.

Мысалы, Жетісу мен Түркістан облыстары тұрғындарының азық-түлікке жұмсайтын шығыны тапқан табыстың 60–62 пайызы аралығында екен. Ал Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында бұл көрсеткіш шамамен 45 пайызды құраған. Осы айқын деректер аймақтардың тек табыс айырмасын ғана көрсетіп қоймай, өңірдегі өмір сүру моделін де сипаттап береді. Яғни, қарағандылықтар мен солтүстікқазақстандықтарда тұрмыс қажеттілігін өтеуде белгілі бір таңдау болса, жетісулықтар мен түркістандықтарда ол шектеулі.

Сондай-ақ, 2025 жылдың 4-тоқсанындағы деректер халық табысының 6,1 пайызы несиелерді өтеуге жұмсалатынын көрсеткен. Бұл жерде де аймақтар арасындағы айырмашылық көзге ұрады. Мәселен, несиеге кететін табыстың үлесі Ақтөбе облысында 10,4 пайыз, Ақмола облысында 10,7 пайыз, Қызылорда облысында 11,3 пайыз және Ұлытау – 17,9 пайыз шамасында екен. Яғни, бұл цифрлардан өңірлерде адамдар тамақ табу мен қарызға төлеуге үшін жұмыс істеп жүргенін көреміз.

Қысқасы, қазіргі еліміздің әлеуметтік картинасы көңілге қаяу түсіреді. Өйткені, қазақстандықтар 2024 жылмен салыстырғанда жоғары табыс таба бастағанымен, оны еркін жұмсай алмай отыр. Осы сәтте елдің қолындағы ақша өмір сүру сапасын жақсартуға емес, тек тіршілік деңгейін ұстап тұруға ғана жұмсалып отыр. 

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.