Қазақстанда ММА спортшысы қалыңдығын ұрып тастаған: Бикеш қоғамнан көмек сұрауда

0
698

Қазақстандық бойжеткен өзін екі жыл бұрын күйеу жігіті аямай ұрып тастаған жария етті. Айтуынша, жәбір көрсеткен азамат аралас жекпе-жек бойынша спорт шебері. 

25 жастағы Алина есімді бойжеткеннің сөзінше, оқиға 2019 жылы орын алған.

«Күйеу жігітім Мейраммен және достарымызбен бірге Ерейментау қаласының маңындағы Сілеті суқоймасына демалуға бардық. Сол күні Мейрам қатты мас болып, мені ұрып-соқты. Достары ажырата алмаған соң, мені онымен қалдырып кетіп қалды. Көрші үйдегілер де, демалыс орнының әкімшілігі де көмекке келмеді. Ол мені ұрып, түсініксіз сұрақтар қойып, анасы мен достарына хабарласып, мені бауыздап өлтіретінін айтты. Жолдастары полиция шақырдық дегенді естіген ол мені далаға шығарып, олар кеткенше күтіп отырмақшы болды. Таң ата ауруханаға жеткізілдім. Не үшін ұрғанын маған да, сотқа да айта алмады», – дейді бикеш.

Айтуынша, оның мойын, мұрын, бет сүйектері сынып, қабырғалары майысқан, сондай-ақ, миы шайқалып, басқа да жарақаттар алған.

«Ол бұл оқиғадан кейін жоғалып кетті. Денсаулығыма қатты нұқсан келді. Енді жадғайым қайта қалпына келмейді. Мейрам ММА спорт шебері, сот пен тергеу барысында бұл есепке алынбады. Мені пышақтап өлтіргісі келгені де ескерілмеді. Тергеушілер арызды қайтарып алуға көндірмекші болды. Бірақ мен келіспедім. Нәтижесінде ол бір жылға шартты түрде сотталып, маған денсаулығыма келтірген кінәрат үшін 400 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді», – дейді ол.

Өтемақы төленбеді деген бикеш бұл ақша шығындарының 30%-ын да ақтамайтынын  айтады. Сонымен қатар, бойжеткен мемлекет пен заңнамалардың қауқарсыздығына налиды.

«Менің кінәм – арызды бірден беріп, бұл жағдайды қоғам мен БАҚ-қа жария етпеуім. Бұған қоса, ММА федерациясының бұрынғы президентіне де, қазіргі басшысына да хат жолдадым. Әрине, маған ешкімнің жауап бергісі жоқ. Кінәлі әлі де Қазақстанның намысын қорғап, өз ұйымының атынан жекпе-жекке шығып жүр. Маған ақша төлемес үшін, шоттарын әдейі бұғаттап тастаған», – деп қосты жәбір көрген бойжеткен.

Бұл оқиға туралы Қазақстанның бірлескен ММА федерациясының өкілдері пікір білдірді.

«Демеубаев Мейрамбек расымен де 2018 жылдың мамыр айына дейін ММА ұлттық құрамасының құрамында болды. Жарақатына байланысты Демеубаев 2018 жылғы ММА-дағы Қазақстан чемпионатына қатыспады және сәйкесінше ММА ұлттық құрамасына кіре алмады. 2017 жылдың қараша айынан бастап және оқиға болған кезде Демеубаев Мейрамбек ММА-мен айналыспады, жарыстарға қатыспады және халықаралық аренада біздің елдің атынан шықпады», – делінген федерация хабарламасында.

Өз кезегінде федерация өкілдері «НеМолчи.Kz» қоғамдық қорын жалған ақпарат таратуда деп айыптады.

«KOF MMA кез келген зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің көрінісіне көз жұма қарай алмайтынын және мұндай әрекеттер жасаған тек спортшылардың ғана емес, басқа адамдардың да айыптайтынын хабарлаймыз. Алайда кінәнің ауырлығын мен жаза тағайындау құқық қорғау және сот органдарының құзыретіне жатады», – делінген мәлімдемеде.