«Хан қызының» қауқары білім бөліміне жетпей отыр

0

Кеше kznews.kz сайтында «Қасымова жуырда ашылған балабақшаға қастық қылуда» деген тақырыпта мақала жариялаған болатынбыз. Осыған байланысты Қызылорда облысының Жалағаш ауданының білім бөлімі өзінің ресми парақшасы арқылы жауап берді. Жергілікті биліктің мақалаға қатысты тез реакция білдіргені құптарлық дүние. Алайда бөлім басшысы Талғат Садықов өтірік айтудың қас шебері болып шықты.

Жалағаш ауданына қарасты Аққыр ауылында балабақша ашқан Айдана Әмірееваға жергілікті билік «Басқа кәсіпкер балабақша ашады. Сен өзіңнің мекемеңді жап» деп қысым көрсетіп жатыр. Айдана Әмірееваға болса, 6,5-7 млн теңгені кредитке алып, балабақша ашқанын айтады. Сондай-ақ ол ауданның лауазымды азаматтары өздері балабақша ашатын болып, қысым көрсетіп жатқанын ескертті.

Ал аудандық білім бөлімі не дейді?

«Жалағаш аудандық білім бөлімі балабақшалардың желісін кеңейтуге байланысты 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны орындау мақсатында аудандық білім бөлімінің қадамдық жоспары бекітілген. Бекітілген қадамдық жоспардың аясында Аққыр ауылынан (1-6 жас бала саны 124) балабақша ашу жоспарда бар. Сол ауылда орналасқан №188 орта мектеп жанындағы шағын орталық (25 баламен) жұмыс жасауда.

Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірлігінің 2017 жылғы 27 қарашадағы №597 “Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің, сондай-ақ кредиттік оқыту технологиясын есепке алғандығы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесін бекіту туралы” бұйрығына сәйкес, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес білім бөлімі конкурс жариялаған жоқ. Себебі 2021 жылға балабақша ашуға қосымша қаржы бөлінбеген. 2022 жылға нақты ашуға, қаражаттың жоспарланатынын балабақшаға бала қабылдауға рұқсат білім бөлімі тарапынан берілмегендігін хабарлаймыз.

Сонымен қатар, балабақша ашуға байланысты негізгі талаптарды ескермей білім бөлімінің рұқсатынсыз, жолдамасыз балаларды қабылдап заңсыз жұмыстар жүргізіп отырғандығын мәлімдейміз», – делінген жауап хатта.

Білім бөлімінің «балабақша ашуға байланысты негізгі талаптарды ескермей білім бөлімінің рұқсатынсыз, жолдамасыз балаларды қабылдап заңсыз жұмыстар жүргізіп отырғандығын мәлімдейміз», — деп жазуы қып-қызыл өтірік. Өйткені «Алтын Ұя» балабақшасы ҚР Әділет министрлігіне egov.kz порталы арқылы 7 сәуір күні тіркелген екен. Бұл туралы балабақша меңгерушісі Айдана Әміреева 27 сәуір күні білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ж.Жүргеноваға «Сізге Жалағаш ауданы Аққыр ауылдық округінен 1-6 жас аралығында 100 орындық балабақша заңды түрде тіркелгенін хабарлайды» деп хабарлаған.

Сондай-ақ Айдана Әмірева ауызша қаңтар айында Жазира Жүргенова мен ауданның заңгері Зәмза Жүсіповаға балабақша ашатынын айтып, алдын ала келісімін алғанын көрінеді. Жазира Жүргенова жұмыс істеймін деген адамды қолдайтынын, ал заңгер балабақша ашу үшін өтініш жазу керек деп ескерткен.

Қыркүйектің 3 күні Жалағаш ауданы әкімінің білім бөлімі «Алтын Ұя» бөбекжайы мекемесінің құрылтайшысы Б.Есжановқа жазған хаты өз-өзін ұстап бергендей болыпты. Аталған хатта «…Жеке кәсіпкер З.Баймаханова 2021 жылдың наурыз айында облыстық білім басқармасының басшысы А.Қасымованың қабылдауында болып, өтініш жазған. Жалағаш кентінің тұрғыны З.Баймаханованың өтініші облыстық білім басқармасының бақылауында. Алдағы уақытта білім бөлімі есебіндегі Аққыр елді мекеніндегі 1-6 жас аралығындағы 55 бала, тиісті өтінішіне сәйкес типтік жобадағы балабақшаға орналастырылатын болады», – деп жазған білім бөлімінің басшысы Т.Садықов.

Айдана Әмірева облыстық және аудандық білім бөлімі Збира Баймаханованың сойылын соғып жатқанын, өйткені оның туған әпкесі ауданның қаржы бөлімінің басшысы Жұпар Баймаханова екенін ескертті.

«Жалағаш ауданы әкімдігінің Қаржы бөлімінің басшысы Жұпар Баймаханованың сіңлісі Збира Баймаханова балабақша ашайын деп отыр. Сондай-ақ Збира Баймаханованың жолдасы Союзбек Садықов аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы болып отыр. Бұл жерде ағайындылардың арасында сыбайластық бар ма деп ойлаймын. Жұпар Баймаханованың облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова кіріп, балабақша ашайын деп отырғаны жауап хатта жазылған. Өйткені аудан басшылығы Жұпар Баймаханованың сөзін тыңдап, одан асып кете алмай отыр. Сондықтан да мен облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың бұл істі өз бақылауынызға алуды сұраймын. Өйткені аудандық білім бөлімі балабақшаға берілетін қаржының конкурсын Збира Баймаханова жаңа балабақша ашып алғанша әдейлеп созып отыр. Аудандық білім бөлімінің әрекеті заңсыз деп есептеймін. Себебі олардың ресми жауабында «конкурсқа қатысыңыз» деп тұр. Ал бірақ бұл конкурс қашан өткізіледі? Менің ойымша, Збира Баймаханованың балабақшасы ашылған соң конкурс өткізіп, өздері ақшаны алып алайын деп отыр. Бір қызығы алақандай Аққыр ауылында бар-жоғы 60 шақты бала бар. Осындай кішкентай ауылға екі балабақшаның не қажеті бар?», – дейді ол.

Айдана Әміреева үкіметтен көмек алмайтын болсам, СЭС пен өрт сөндіру қызметінен рұқсат алып, жұмыс істей беруге болатын айтады. Алайда ол үкіметтің көмегінсіз балабақшаны ұстап тұру мүмкін емес екенін ескертті.

«Мені білім бөлімінің «Бала қабылдауыңызды тоқтатуыңыз» деп хат жазуы алаңдатып отыр. Шын мәнісінде олардың «Балабақша қызметін тоқтатыңыз» деп айтуға еш құқығы жоқ.

Бір қызығы Збира Баймаханованы қабылдаған облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова менің жазған хатыма жауап бермей отыр. Егер мәселем обылыста оң шешілмесе президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке үндеу жасауға мәжбүр боламын. Өйткені балабақшаны 6,5-7 млн теңге кредит алып, әзер дегенде аштық. Біз бір балаға айына 3 мын теңге, ал жағдайы төмен отбасылардың балаларын тегін қабылдаймыз. Сондай-ақ әр ай сайын балабақшаның арендасына 250 мың теңге төлеп тұрмыз. Әні-міне жаз бойы салып жатқан балабақшаның құрылысы аяқталады. Ал облыстық білім басқармасы енді ашылғалы отырған балабақшаны жауып тастаймыз деп құлшынып отыр», – дейді ол.

Айдана Әміреева облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықова мәселеге араласып, оң шешім шығарады деп сенім білдіріп жатыр. Алайда «Ханның қызы» деп аталып кеткен Әбдіхалықованың әлі облыс пен аудандық білім бөлімінің басшыларына жетпейтін тәрізді. Себебі Талғат Садықов басқаратын бөлім заңсыздық жасаса да, еш қорықпастан өтірік соғып отыр. Балабақшаның Egov.kz порталына тіркелгеніне қарамай «Бізден рұқсат алған жоқ» деген бөлім басшысы Гүлшара Әбдіхалықовадан қорықпайтын тәрізді.

Серғали Асланбек