Қасымова жуырда ашылған балабақшаға қастық қылуда

1
8113

kznews.kz ақпараттық агенттігіне Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Аққыр ауылының тұрғыны Айдана Әміреевадан шағым келіп түсті. Ол өз ауылында «Алтын Ұя» балабақшасын ашып, аққырлық бүлдіршіндерді қабылдай бастаған. Алайда облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімінің басшылығы «Алтын Ұяны» жауып, өзге балабақша ашқысы келіп отырған көрінеді.

«2021 жылдың қаңтар айында Қызылорда облысы Жалағаш аудандық білім бөлімінің міндетін атқарушысының қабылдауында болып, ауданға қарасты Аққыр ауылынан балабақша ашу жөнінде ұсынысымды айттым. Ол кісі ұсынысымды мақұлдады.

07 сәуір күні аудандық білім бөліміне аталған ауылда балабақша ашу үшін заңды түрде тіркелгені туралы хат жолданды.

30 сәуірде Аққыр ауылдық округінен арнайы балабақша салуға аукционмен жер сатып алынды.

Алайда құрылыс жұмыстарының ұзаққа созылатынын және ауылда балабақша жоқ екендігін ескеріп, сол ауылдан ғимаратты уақытша жалға алып «Алтын Ұя» балабақшасын ашу жұмысын бастадық.

Балабақшаны барлық талаптарға сәйкес келетін жабдықтармен қамтамасыз еттік. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мекемесінен оң қортынды алып, тамыз айының 16-сы күні балабақша бала қабылдап, жұмысын бастады. Жаңа балабақша ашу арқылы жергілікті 6 адам жұмыспен қамтылды.

Басында барлығы жақсы басталғанымен мемлекеттік қаржыландыру мәселесіне келгенде күтпеген жайға тап болдық.

Балабақшаның құжат жүзінде ашылғанына 5 ай өткеннен кейін 20-шы тамыз күні Аудандық білім бөлімі басышысынан хат келді. Ол хатта басқа жеке кәсіпкер Аққыр ауылынан 90 орындық балабақша құрлысын салып жатқанын және біз жүргізіп отырған балабақшаның жұмысын тоқтатуды сұрапты.

Біздің ашуымызға тигені «өзгенің жұмысы жүрсін, сенің жұмысың тоқтасын» деген аудандық білім бөлімінің заңсыз талабы болып тұр.

24 тамыз күні Жалағаш аудандық білім бөліміне ҚР Білім және ғылым министірлігінің 2017 жылғы 27 қарашадағы №597 Бұйрығына сәйкес мемлекеттік тапсырыс бойынша балабақшаны қаржыландыру мәселесін шешуге ықпал етуін сұрап хат жолдадық.

Бұл хатымыз да жауапсыз қалған жоқ. Алайда берген жауаптарына көңіліміз толмады. Айтуларынша, әлгі жеке кәсіпкер 2021 жылдың наурыз айында Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымованың қабылдауында болып, Аққыр ауылдық округінен балабақша ашуға өтініш жазған екен. Ал біз 2021 жылдың қаңтар айында ескертіп, сәуір айының басында заңды түрде тіркегенбіз. Ол жеке кәсіпкердің өтініші бүгінгі күні облыстық білім басқармасында бақылауда екен. Сондай-ақ алдағы уақытта Аққыр елді мекеніндегі яғни біздің «Алтын Ұя» балабақшасындағы 1-6 жас аралығындағы 55 баланы әлі ашылмаған балабақшаға орналасатынын айтты.

25 тамыз күні Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымоваға да қаржыландыру мәселесін шешіп беруін сұрап хат жолдадық. Алайда бүгінгі күнге дейін ешбір жауап келген жоқ.

Сондықтан Қызылорда облыстық білім басқармасы мен Жалағаш аудандық білім бөлімінен мәселенің заңды әрі оң шешілуіне ықпал етуін тағы да сұраймыз.

Бізге түсініксіз болып тұрғаны, Қызылорда облыстық және Жалағаш аудандық білім бөлімдері қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған балабақшаны қаржыландырмай, әлі ашылмаған балабақшаның сойылын соғып отырғандығы. Бұл жерде «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің бар болғаны ма деген де ой келеді. Болмаса жұмыс істеп тұрған балабақшаның дамуына қасақана кедергі келтіру кімге керек. Оның үстіне халық саны аз ауылға екі бірдей балабақшаның қажеттілігі де жоқ. Естуімізше, біз ашқан «Алтын Ұя» балабақшасын жауып, өз кәсібін ашуға ұмтылып жүрген кәсіпкерді аудандағы білім бөлімі қолдап отыр.

Соныдықтан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментін, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованы, Жалағаш ауданы әкімдігін осы мәселеге назар аударуын өтінеміз», – деп жазады Айдана Әміреева.

Шағымнан түсінгеніміз, басқарма басшысы Ақзира Қасымова мен аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов Айдана Әміреева ашқан балабақшаны жауып, өз танысына бөбекжай ашып бермек. Бұл жерде ашықтан ашық заңсыздық бары аңғарылып тұр. Әйтпесе «Алтын Ұя» балабақшасының 55 тәрбиеленушісін әлі ашылмаған мекемеге беру ақылға да, заңға да сыймайды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Айтпақшы осы жылдың 10 маусым күні бөлім басшысы Талғат Садықовты су жаңа қызметіне Ақзира Қасымованың өзі келіп отырғызған екен. Бөлім басшысы басқарма басшысына қарыз болып қалмайын деді ме, әйтеуір жоғары жақтың тапсырмасын бұлжытпай орындап отырған секілді.  Себебі тоқсан орындық балабақшаны ашуға ниетті жеке кәсіпкер Ақзира Қасымованың қабылдауынан кейін «Алтын Ұяны» жаптырғалы отыр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Ақзира Қасымова мен Талғат Сыздықов жуырда ашылған балабақшаны жауып, өзінің танысының бөбекжайын ашуға талпынуда.

Серғали Асланбек