Қызылордалық оқушы Тоқаевқа хат жолдады
Қызылордада тұратын 4-сынып оқушысы Нұрдана Қуаныштың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хаты желіде қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желіде тараған хатта оқушы қыз өзі тұратын аумақта қылмыс жиі болатынын, содан үрейленіп қалғанын жазған, деп хабарлайды kznews.kz сайты Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Жеткіншек тұратын ауданда кәсіпкерлер бірнеше сағатқа және тәулікке пәтерлерді жалға береді. Жалға берілетін пәтерлер соңғы бірнеше жылдан бері нағыз жын-ойнақ пен қылмыс жасайтын орынға айналған екен. Ал мұндай жағдайлар енді өсіп келе жатқан өрімдей қыздың жүрегін ұшырған.
«Бұзақылар, ішімдік ішкен, қауіпті адамдар келеді. Бірнеше рет үйлерді өртеп кетіп жатыр. Сол уақытта қатты қорқамын. Қарсы тұрған үйдің 4-қабатынан жас қызды бейтаныс ағалар итеріп, құлатып жіберген», — деп жазған оқушы қыз өзінің хатында
Нұрдананың түн ұйқысы төрт бөлінген. Ол көпқабатты үйдің пәтерлерінде жиі болатын айқай-шудан шошынып қалған Қорыққаны сонша таңға дейін көз ілмей жатамын деп жазған. Ал бұл мәселе бойынша Нұрдананың анасы құзырлы органдарға бірнеше рет арызданған. Алайда мүлде нәтиже жоқ деп жазды оқушы қыз.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен Сізден қызыңыз ретінде көмек сұрап отырмын. Себебі, сізден басқа ешбір жан бізге көмек бермеді. Анам әкімшілікке, полицияға арыз жазды. Бірақ өзгеріс жоқ», — деп хатын қортындылаған Нұрдана Қуаныш.
Ал полиция басқармасындағылар Нұрдананың тұратын аумағын жіті тексеріп, қауіпсіздікті күшейтіп жатқандарын мәлімдеді.
«Жедел профилактикалық іс-шаралар атқарылып жатыр. Бұл ауданда әрбір жұма және сенбі күндері қосымша жаяу полиция қызметкерлері қызмет атқарады. Бұл аумақта барлығы 6 үй бар. Осыған 7 бейнекамералар орнатылған», — деп жауап берді полиция басқармасының баспасөз қызметі.