Бектенов Алматы ЖЭО-ларындағы жаңғырту жұмысын шұғыл тексеруге тапсырма берді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Соңғы бір жылдың ішінде 41 366 адамды ит қапқан — Еділ Жаңбыршин

Соңғы бір жылдың ішінде 41 366 адамды ит қапқан — Еділ Жаңбыршин
Фото: Мәжіліс

Қоғам бұралқы иттердің мәселесін шешуді сұрап отыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасын талқылау кезінде депутат Еділ Жаңбыршин мәлім етті, деп хабарлайды kznews.kz.
    — Орташа есеппен елімізде бір сағатта бес адамды ит қауып, талайды екен. Біз осы залда заң талқылап отырған сәтте, елдің бір жерінде — аулада, көшеде, мектептің маңында, балалар алаңында немесе аялдама жанында бір бала, әйел немесе қарт адам ит шабуылының құрбанына айналуы мүмкін. Бұл — эмоция емес. Бұл — құрғақ статистика. Сондықтан біз бүгін жай ғана жануарлар туралы заң қарап отырған жоқпыз. Біз бүгін адам қауіпсіздігі туралы, қоғамдық тәртіп туралы, мемлекеттің жауапкершілігі туралы, ең бастысы — адам өмірі мен денсаулығын қорғау туралы мәселені қарап отырмыз. Өңірлерде тұрғындармен кездескенде, ел бұралқы иттердің мәселесін шешуді бізге аманаттады. «Аманат» партиясының депутаттары оны мойнына алып осы заң жобасына бастамашылық жасады, ал басқа фракциялардағы әріптестеріміз бізді қолдады, — деді Еділ Жаңбыршин.

Осы орайда депутат жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне тоқталды. Соңғы бір жылдың ішінде 41 366 адамды ит қапқан. Соның ішінде 23 134 адам бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккен.

    — Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы ит шабуылының 38 848 жағдайы тіркелсе, оның 24 410-ы бұралқы иттерге тиесілі. Бұл тұрғыда мәселе азайып жатқан жоқ. Ол әлі де: жүйелі, өткір, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті мәселе болып отыр. Бұл сандардың артында жай ғана есеп емес, нақты адамдардың тағдыры тұр. Оның артында балалардың жарақаты, азаматтардың қорқынышы, психологиялық күйзеліс, мүгедектікке алып келген жағдайлар, ал кейде — адам өлімі тұр. Бірнеше ғана мысалды еске салайын. Өскеменде бұралқы иттер 11 жастағы балаға шабуыл жасады. Осындай жағдайлар Оралда, Көкшетауда, Жалпақсай аулында, Қосшыда болды. Ал 2022 жылы Ақтөбе облысында бұралқы иттердің шабуылынан бала қаза тапты. Осындай әрбір қайғылы оқиғадан кейін қоғам мемлекетке өте орынды сұрақ қойып отыр: «адамдардың қауіпсіздігіне, бұралқы иттерге, жүйенің әрекетсіздігіне кім жауап береді?». Егер мемлекет осы сұраққа нақты жауап бере алмаса, онда мәселе тек иттерде емес. Мәселе — құқықтық және басқарушылық вакуумда, — деді Еділ Жаңбыршин.

Автор
Торғын Абушахман

Торғын Абушахман – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.