Ормуз дағдарысы: әлемдік тәртіп қалай өзгереді?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Тағы да Ормуз дағдарысы: саяси сауда логистиканы оңалта алмады

Тағы да Ормуз дағдарысы: саяси сауда логистиканы оңалта алмады
Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Бұған дейін АҚШ пен Иран арасындағы қысқа мерзімді келісімнің нәтижесінде Парсы шығанағында кеме жолының қалыпқа келе бастағанын жазған едік.

Тақырып барысында бұл жағдайдың әлемдік мұнай нарығы үшін уақытша шешім екендігін және Ормуз дағдарысының салдары қазіргі қалыптасқан саяси-экономикалық тәртіптің өзгеруіне әкеледі деген сарапшылар пайымына сүйеген едік. Осы сәтте әлемнің беделді ақпарат құралдары да Ормуз бұғазының айналасындағы жағдайдың күрделі екенін жазып жатыр. Мысалы, Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Ормуз бұғазы әлі де толыққанды жұмыс істеп тұрған жоқ. Саяси истеблишмент тұрғысынан бітім жарияланғанымен, теңіз арқылы еркін қатынас әлі қалпына келмеген көрінеді.

Агенттіктің дерегінше, сейсенбі күні таңертең бұғаздан небәрі 7 кеме шығып, 3 кеме ғана кірген. Ал бейбіт кезеңде бұл бағытпен тәулігіне шамамен 135 кеме өтіп жүрген. Демек, Парсы шығанағы аймағында жағдай күрделі жағдайда қалып отыр. Басылымның мәліметінше, қазір шығанақтан сегіз жүзден астам жүк кемесі шыға алмай тұр. Ал ұзын-саны 1000 қаралы кеме бұғаздың екі жағында жиналып қалған.

Сарапшылардың айтуынша, кеме иелері мен сақтандыру компаниялары бітімді құптағанымен, қауіпсіз транзит шарттары әлі де нақты емес. Мәселен, Иран тарапы кемелердің өтуін өз қарулы күштерімен келісуді талап етуде. Трейдерлердің мәліметінше, бір жолғы транзит үшін 2 миллион долларға дейін ақы алынуы мүмкін-мыс.

Жалпы, Иранға қарсы әскери операция басталғалы бері аймақтағы энергетикалық тасымал толықтай тоқырауға ұшырады деуге болады.

Қазіргі Парсы шығанағы аумағында 426 мұнай танкері, 34 сұйытылған газ тасу кемесі, 19 сұйытылған табиғи газ тасымалдаушысы сапарып жалғастыру үшін рұхсат күтіп тұр екен.

Мәселенің мәніне үңілген Bloomberg сарапшылардың пессимистік пікіріне де орын берген. Мысалы, Лондондағы Lloyd’s сақтандыру компаниясының өкілі Нил Робертс " Соғыс аяқталған күннен кейін де Парсы шығанағындағы сауда жолы бірден қалпына келеді деу екіталай" десе, тағы бір білікті сарапшы Дженнифер Паркер "Жаһандық теңіз тасымалын 24 сағатта қайта іске қосу мүмкін емес" деген кесімді пікір айтқан екен.

Айтпақшы, Ормуз дағдарысы әлем елдерінің энергетикалық қауіпсіздігі мен экономикалық дамуына қатысты сұрақтан бөлек, адамдардың кәсіби қызметі мен өміріне байланысты да хаос жағдайын туындатып отыр. Әсіресе, теңізшілердің басына күн туған. Халықаралық "Теңіз ұйымының" дерегіне сәйкес, дағдарыс басталғалы бері өңірде шамамен 20 мың теңізші ситуацияның "тұтқынына" айналған. Яғни, кемелерде қалып қойған осынша адам ресурс тапшылығы мен психологиялық қысымға ұшырап отырған көрінеді.

Қысқасы, Трамп пен Нетаньяху тандемінің аятолла режиміне қарсы жорығы дүниежүзі халқына оңайға түспейтін сияқты.

Bloomberg агенттігінің бағалауынша, қазіргі жағдай әлемдік сауда мен энергетика нарығына кері әсер етіп, оның салдары ұзақ мерзімге созылуы мүмкін.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.