Қырғызстан ислам халифаты бола ма: Қырғыз ата заңынан «зайырлы мемлекет» ұғымы алынып тасталуы мүмкін
Қырғызстанның дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссияның таяуда тағайындалған директоры Ақын Тоқталиев «Қырғызия зайырлы мемлекет» деп жарияланған конституция тармағын алып тастау керек, деп есептейді.
Бұл жайында islam.kz порталы «Vesti.kg» ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді.
Оның айтуынша, ел тұрғындарының көп бөлігі, яғни, 98%-ы дін жолын ұстанатын адамдар.
Осылай деген ол «Біздің халқымыз исламның арқасында жойылмай отыр. Егер біздің ел әу баста зайырлы мемлекет болғанда, өзіміздің аты-жөнімізді ұмытып, ұлт ретінде жойылар едік»,- деп мәлімдеді.
Қырғыз жұртында мешіт саны тәуелсіздік жылдарында 70 есеге көбейген – 1991 жылы ел аумағындағы мешіттердің қарасы 39 болса, бүгінде бұл көрсеткіш 2688-ге жеткен. Бұдан бөлек, Қырғызстанда 12 ислами жоғарғы оқу орны мен 131 медресе бар.