Қазақстан ресми түрде өлім жазасынан бас тартты
Қазақстан өлім жазасынан бас тарту туралы халықаралық хаттамаға қосылды. Бұл туралы сыртқы істер министрлігі хабарлады
Sputnik. Қазақстан ресми түрде өлім жазасынан бас тартты, деп хабарлады Қазақстанның сыртқы істер министрлігі.
2020 жылдың 23 қыркүйегінде Біріккен ұлттар ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші хаттамасына қол қойды.
«Сол күні өлім жазасын жою туралы халықаралық хаттамаға қосылу туралы шешімді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясының 75-ші мерейтойлық сессиясының саяси пікірталас барысында сөйлеген сөзінде жариялады. Ол Қазақстан өмір сүру мен адами қадір-қасиетке негізделген құқықты жүзеге асыруға бекем екенін атап өтті», — делінген ресми ақпаратта.
2019 жылдың желтоқсанында Қазақстан президенті елдегі саяси реформаларды жүзеге асыру аясында сыртқы істер министрлігіне азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативтік хаттамасына қосылу рәсімін бастауды тапсырған еді.
«Бұл халықаралық құжатқа қол қою — өлім жазасын қолдану аясын біртіндеп тарылту және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бағытының жалғасы», — деп хабарлады министрлік.
Айта кетейік, Қазақстанда өлім жазасын қолдану ел президентінің 2003 жылы мораторий енгізу туралы жарлығымен толығымен тоқтатылған.
2020 жылдың 23 қыркүйегінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен ұлттар ұйымының саяси дебатында сөз сөйледі.
Президент жиын барысында әлемдегі түйткілді мәселелер мен сын-қатерлерді, соның ішінде коронавирус пандемиясына қарсы күреске, жаһандық экономиканың өсімін қалпына келтіруге, терроризмге қарсы іс-қимыл, ядролық қарудан бас тартуға және таратпауға, климаттың өзгеруіне қатысты мәселелерді көтерді.