Өкінішім – күйеуім екеуіміздің арамызда бала жоқ – Жанар Айжанова

0

Өзін бақытты жан санайтын әнші Жанар Айжанова өміріндегі бір өкініші, бір кем дүниесі туралы «Ең алғашқы» бағдарламасында айтып берді.

«Бір кем дүнием – екінші тұрмысқа шықтым ғой, екеуіміздің арамызда бала жоқ. Арманым ер азаматымның өз кіндігінен Айжұлдызымның соңынан еретін іні болатын, не сіңлісі болып қарайласып жүретін бір перзент болса. Біз айтамыз, Алланың дегені болады. Маған салса, бірінші соны қалар едім», — дейді Жанар Айжанова.

Алайда барын бағалай білетін өнер иесі осы күніне де шүкіршілік ететінін айтты.

Ер бала сияқты өскен Жанар Айжанова балалық шағын еске түсірді. Өзінен жасы үлкен ағасы қарындасының қызыққа толы балалық шағын бүкпесіз баяндап берді.

Ер бала сияқты өсті. Ер бала сияқты басы тақыр, кішкентай кекіл қоятын. Ол кезде шорты жоқ, қара трусы киіп алады. Жалаңаш. Бірінші сыныпқа барарда бұзық болып, мектеп формасын қыз баланікі деп кимей, шатақ шығарды. Бізбен бірге рогатка атып, ләңгі тебетін, аяқ ойнайтын. Мұғалімдері фамилиясын сұраған. Бұл «Айжанова» деген. Бірге оқыған сыныптасы «немене, сен әжеңнің фмилиясына жазылғансың ба?» деген ғой. Сол жерде сонымен шатысып, мұрнын қанатып келіпті, — дейді ағасы Серік Кетіков.

Қара дамбалды киіп алып, атпен жайдақ шабатын Жанар «Шашым жыныма тисе, оңды-солды қайшымен кесіп тастайтынмын» деп еске алып күлді өнер иесі.

Жақында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері атағын алған әнші, актриса Жанар Айжанова бұл атақтың өзіне шабыт беретінін, қосымша жауапкершілік жүктейтінін айтады.

«Атақ мені өзгертті деп айта алмаймын. Алайда, адамға шабыт береді. Осыдан 20-25 жыл бұрын алып кетсем, қадірін түсінбес пе едім. Тағуға намыстанар едім. Ал қазір ұялмай тағам. 32 жылда еңбегім бағаланды. Нағыз толысқан шақта нағыз еңбегіммен алған атақты ұялмай тағасың, көрсетесің. Шынымен де маған концерт беру керек сияқты, осы атаққа лайықты жүру керек сияқты жауапкершілік қосып алған сияқтымын», — дейді өнер иесі.

Өзінің айтуынша, бұл Жанар Айжанованың ең алғашқы атағы екен.

Тағдырдың салуымен бірінші жолдасы көз жұмып, бүгінде екінші рет тұрмыс құрған Жанар Айжанова бұрынғы енесімен байланысы үзілмегенін, бүгінде сырлас жандарға айналғанын да айтты.

«Жанар жақсы келін болды, ақылы бар. Балам қайтыс болғаннан кейін өңменімнен итерген жоқ. Екінші рет күйеуге шығарда маған айтқан «Апа, руым енді басқа болайын деп тұр» деп. Өй, көкем, бақытты бол. Сен Алладан тілеген жоқсың, Айжұлдызға дұрыс қарайтын бала болса, қосыла бер деп, рұқсатымды бергенмін», — дейді марқұм күйеуінің анасы.

Екінші рет азаматтығы биік жанға тұрмысқа шыққан Жанар Айжанова отбасында марқұм болып кеткен бірінші күйеуіне құран бағышталатынын, өлгенге ешкімнің таласы жоқтығын баяндады.

«Бүгінде бас қосқан азаматым Ерболат – екінің бірінің басына бұйырмайтын бақ. Өткен-кеткеннің бәріне, әке-шешеме, қайтыс болған алдыңғы күйеуіме қой сойып, құран оқимыз. Бұрынғы күйеуімнің отбасымен байланыс үзілген жоқ. Айжұлдыздың (қызы) әжесі, күйеуімнің шешесі, ең алғаш аяғымды аттап басқан босағамдағы енем. Екеуіміз қазір жақсы сырласпыз, телефонмен хабарласып тұрамыз. Жаңалықтарымды айтым тұрам. Ол енді менің міндетім деп ойлаймын» , — дейді Жанар Айжанова.

Бекболат Тілеуханның анасы әнші Жанар Айжанованы ұлына алып беруді армандаған екен.

«Бекболат екеуіміз дос болдық, қатар шықтық. Бекболат – нағыз азамат, өнерін жақсы көремін. Мамасы мен қатты жақсы көргені соншалықты оңашада жылап та айтатын «Арманым – сені Бекболатқа алып берсем» дейтін. Алайда Бекболат екеуіміз достықтан аспадық», — деп өткенді еске алды өнер иесі.