Қазақстандықтар пайдаланбай жүрген SIM-карталар үшін күтпеген қарыз шығып жатқанын айтып, әлеуметтік желіде жаппай шағымдана бастады. Бұл жағдайға Tele2 байланыс операторы түсініктеме берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Даудың өршуіне абоненттердің бірінің оқиғасы себеп болды. Оның айтуынша, ұзақ уақыт пайдаланбаған нөмірінің балансында күтпеген жерден 5700 теңге берешек пайда болған.
– Балансымды қарасам, минус 5700 теңге шығып тұр. Әуелде абоненттік төлем шығар деп ойладым, сөйтсем, бұл айыппұл екен. Нөмірді жай ғана пайдаланбағаным үшін қарыз есептелген. Бұл енді байланыс емес, шағын несие сияқты. Ұсақ әріппен жазылған жүз бет шартты кім оқиды? – деп жазған абонент.
Желі қолданушыларының бірқатары да осындай жағдайға тап болғанын айтып, тіпті қарызды өндіріп алу үшін коллекторлар тартылуы мүмкін екені туралы SMS-хабарламалар алғанын жеткізген.
Tele2 компаниясының мәліметінше, мұндай айыппұлдар SIM-картаны пайдаланбағаны үшін емес, келісімшарттық тариф талаптарының бұзылуына байланысты есептеледі.
Оператор түсіндіргендей, мұндай тарифтер әдетте жеңілдікпен ұсынылады. Мысалы, абонент стандартты 8990 теңгенің орнына 5000 теңге төлейді. Алайда соның есесіне белгілі бір мерзім ішінде, көбіне бір жыл бойы, осы тарифті пайдаланып, төлемді уақытылы енгізуге міндеттенеді.
Компания өкілдерінің айтуынша, абонент мұндай шарттарға электронды цифрлық қолтаңба арқылы келісім береді.
– Егер төлем 30 күн ішінде түспесе, келісімшарт біржақты тәртіппен бұзылады. Мұндай жағдайда бұрын берілген жеңілдік күшін жояды, ал абонентке сол уақытқа дейін пайдаланған жеңілдік сомасы көлемінде айыпақы есептеледі, – деп мәлімдеді компания.
Оператор абоненттерге осындай жағдайға тап болмас үшін, нөмірді уақытша пайдаланбайтын болса, алдын ала кәдімгі тарифке ауысуға немесе келісімшартты бұзуға кеңес береді. Сондай-ақ ЭЦҚ арқылы келісім бермес бұрын, оператор сайтындағы қосымша ақпаратпен мұқият танысу қажет екенін ескертті.
Компанияның хабарлауынша, келісімшарт балансында абоненттік төлемді есептен шығаруға қаражат жетпей, шот 30 күннен астам толықтырылмаған жағдайда бұзылған болып есептеледі.