Вологда облысында 43 жастағы әйел екі жылдан астам уақыт бойы 65 жастағы анасын шынжырмен байлап ұстаған, деп хабарлайды kznews.kz РЕН ТВ арнасына сілтеме жасап.
«Айыпталушы анасын төсегіне темір шынжырмен байлап қойған», — делінген мәліметте.
Әйел бұл әрекетті бірге тұратын азаматтық күйеуімен бірге жасаған. Оған қатысты іс материалдары бөлек өндіріске бөлінген.
Жәбірленуші физикалық және психикалық жағдайына байланысты тұрақты күтімді қажет еткен, дәрменсіз болған және қарсылық көрсетуге шамасы келмеген.
Соның салдарынан зейнеткер еркін қозғала алмай, өте ауыр тұрмыстық жағдайда өмір сүрген. Айыпталушының кәмелетке толмаған балалары да пәтерде бірге тұрған.
Айыпталушының әрекеті заңсыз бостандығынан айыру және азаптау баптары бойынша сараланған. Кейін Бабаев аудандық соты оны жалпы режимдегі колонияға төрт жылға бас бостандығынан айырды.
Сондай-ақ жәбірленушінің пайдасына 400 мың рубль көлемінде өтемақы өндірілді.