Нумеролог: Тоқаев ұзақ ел басқарады, ал Путинді әзірге құдіретті күш қолдап тұр…
Нумеролог Құралай Бақытқызы сандарды сөйлете отырып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұзақ жыл ел басқаратынын, Ресей президенті Владимир Путинді әзірге құдіретті күштердің қолдап тұрғанын, ал Украина президенті Владимир Зеленскийдің келесі жылы биліктен кететінін болжады.
Мұның алдында ол Назарбаевтың тағынан таятынын, Елорданың аты ауысатынын алдын-ала болжай білген еді.
Нумерологтан әлемдегі геосаяси сілкіністерге, ел басшыларының тағдырына, еліміздегі экономикалық жағдайға тағы бір болжам жасап беруді өтіндік. Nege.kz тілшісінің сұрақтарына Құралай Бақытқызы жауап беруден жалтармады.
«Соғыс кодына сәйкес келіп тұр»
– Украинадағы соғыс қашан тоқтайды? Бейбіт өмірдің шеті қашан көрінеді? Осыған болжам жасауға тәуекел ете аласыз ба?
– Қашан аяқталатыны маған әзірге нақты көрінбей тұр. Украинада соғыс басталған күні – 2022 жылы 24 ақпан. Бәрін қосқан кезде 145 саны шығады. Бұл – соғыс коды. Мұның бәрі жай сәйкестік емес, Жаратушының алдын-ала жасаған жоспары.
Бір анығы, соғыстың басталуы соғыс датасына тура келді. Мұндай жағдайда, әдетте, соғыс ұзаққа созылады. Бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстар, Гитлердің туған күні соғыс кодына сәйкес келеді.
Бес саны биліктің күйреуіне әкеліп соғады. Қырғызстанда кезінде жиі-жиі көтеріліс, төңкеріс болып тұрды. Өйткені, оларда тәуелсіздік күні мен конституция күні бір датаға түсіп, бес санын көрсетіп тұрды.
– 5 саны қауіпті сан дедіңіз. Референдум бізде 5 маусымда өтпек. Сонда бұл қалай болғаны?
– 5 саны дата болса, ол – сананың датасы. Миссия болса, онда ауыр болады. Өйткені, 5 саны қирауды білдіреді. Алтыншы айдың 5-і күні болса, сандарды қосқанда 8 саны түседі. Демек, бұл – жаман дата емес.
– Украинаға қайта оралсақ, соғыс ұзаққа созыла ма?
– Иә, бұл соғыс ұзаққа созылады. Жыл басында айтқанмын. Десе де, тамыз айының басында немесе шілде айының аяғында ұрыс тоқтауы ықтимал. Немесе мүлде жаңа бағыт алады.
7-8 айдың аралығында соғыстың аяқталуы немесе беті бері қарауы да ғажап емес.
– Бұл соғыстың елімізге әсері ауыр болмай ма?
– Экономикаға қатты әсері бар. Үйдің бағасы және басқа да тауарлар бағасы шарықтап кетуі кәдік.
– Біздің ел үшін соғыс қаупі бар ма?
– Кейде Жаратушының өзі бізден кейбір ақпараттарды жасырып қояды. Сондықтан тек қана Аллаға мәлім нәрселер бар.
Көршілес елдердің ішінде Түркияда ғана жағдай бір қалыпты. Үйді бұрын Қазақстаннан алып, жалға беріп келсе, енді Түркиядан алған әлдеқайда тиімді.
«2022 жыл – бүлікшілер жылы»
– Ірі өзгерістер болуы қаншалық мүмкін?
– 2022 жыл – бүлікшілердің жылы. Алтыншы айда эмоция басым болады. Алтыншы айда көп өзгерістер болуы мүмкін.
– Путин мен Зеленскийдің жеке адам ретіндегі, басшы ретіндегі болашағына қатысты не айтар едіңіз?
– Путинге сәттілік көмектесіп тұр. Осы жыл 2 санымен аяқталады. Путиннің туған жылы да солай. Сондықтан оның жоғарыдағы қолдаушы күштері мықты болып тұр.
Жақын арада Путиннің қызметінен кететіні көрінбейді. Бірақ ақырындап кері кетушілік бар. Осы жылы оған Құдайдан қолдау көрініп тұр. Сәттілік күтіп тұр. Дегенмен, бұл жыл оған тосын жайт пен кикілжіңді көп әкеледі.
Ал, Зеленскийдің сандарына қарасақ, келесі жылы оған жаңа жұмыс бұйыруы мүмкін. Сондықтан «Украинада билік ауыса ма?» деген болжамым бар.
Зеленскийдің қонысын, жұмысын өзгертіп, биліктен кетуі әбден мүмкін. Десе де, онда шенеуніктің, басшының коды бар. Бұл – мықты кодтардың бірі. Келесі датасында әйтеуір үлкен өзгеріс байқалады. Бірақ онда мыңдық белгі бар. Біздің Тоқаевта да мыңдық белгі бар. Мұндай адамдардың мәнсаптық жолы іркілмеуі тиіс. Ол қоныс аударғанымен, мәнсабы жалғаса береді.
Десе де, Путин үшін де, Зеленский үшін де биыл – жақсы жыл. Келесі жылы екеуінің де жайлап энергетикасы түседі. Сондықтан қақтығыс келесі жылы тоқтайтыны анық. Осы жылдың аяғына қарай соғыстың қарқыны саябырсиды. Тамыз айында жақсы жаналық болатын сияқты.
Путинде үш саны жоқ екен. Бұл – қырсық, өз шындығы бар адам деген сөз. Яғни, айтқанынан қайтпайтын адам. Зеленский болса, кейбір жағдайларды емеурінмен білдіреді. Путин болса, мұны мүлде түсінбейді. Оған нақты, кесіп-пішіп айтқан жөн. Сондықтан екеуінің бірін-бірі түсінуі қиын.
Зеленский халық үшін жауапкершілік ала алатын, борыш сезімі мықты адамға жатады. Ал Путиннің жауапкершіліктен қашатын тұстары болады екен.
– Тоқаев мыңдық белгісі бар деп қалдыңыз? Мемлекет басшысы туралы сандар не айтады?
– Тоқаев – өте әділетті адам. Стратег. Мұндай адам бес-онжылдығын бұрын ойлайды. Мемлекетіміздің болашағының жақсы болатынына елдің қазіргі басшысы кепіл деп ойлаймын. Оның девизі: «Ақырын жүріп, анық бас».
Мыңдық коды бар адам – мақсатты, амбициясы зор, мәнсабы зақ жылдарға созылатын адамдарға жатады. Өмірінің екінші жартысы жеңілдейді. Тоқаевтың сандары жақсы.
– Болжамыңызға көп рахмет!