Кәсіпкер Мухоряповқа қатысты іс тоқтатылды

0
147

Кәсіпкер, Choco холдингінің негізін қалаушы әрі атқарушы директоры Рамиль Мухоряповқа қатысты іс тоқтатылды, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

Алматы Полиция департаменті мәліметінше, Рамиль Мухоряповтың ісі бойынша әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық және діни алауыздықты қоздырғаны туралы деректі тексеру үшін соталды тергеу жүргізілген.

«Соталды тергеу нәтижелері бойынша қылмыстық қудалау органы қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешім шығарды. Бұл шешім ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 2-тармағы 35-бабы 1-бөлігі бойынша қабылданды. Алматы прокуратурасы қабылданған іс жүргізу шешімімен келісті», — деді Алматы прокурорының орынбасары Нұрлан Ауғанбаев.

Еске салайық, бұған дейін кәсіпкердің қазақ тіліне қатысты айтқан мәлімдемесі Желіде дау туғызған болатын. Қазнетте кәсіпкер Рамиль Мухоряпов жиындардың бірінде шетелден келіп жатқан ресейліктерге оларды түсіне тұра, қазақ тілінде жауап беру «біртүрлі әрі ұлтшылдықтың белгісі» екенін айтқан видео тараған еді. Қазақстандықтар кәсіпкердің бұл мәлімдемесіне наразы болды.