Ермахан Ыбраимов “Oyan, Qazaqstan” туралы: Nur Otan партиясының мүшесі ретінде оған қарсымын, өзінің пікірін білдіруге
Қазақстандағы Forbes журналының бас редакторы Бақытжан Бұқарбай танымал спортшының сұхбатынан үзінді бөлісіп, көңілі қалғанын жеткізді. Бұл туралы Instagram парақшасында жазды.
Спортшы Ермахан Ибраимов ағамыз өзінің отыз жыл елге еңбек еткенін бетке басып, ал конституциялық құқығын пайдаланып, талап қойған отандастарымызға, олардың жетекшісіне «өмірде дым бітірмеген отыз жасар сопляк» деген сарында сөз айтып, тіл тигізіпті. Күнде бір ағамыздың садағасы кетіп, ақыр соңы ағасыз қалатын болдық-ау.
Чемпион болса, алдымен өзі үшін чемпион шығар, Ермахан ағамыздың бұлай міндетсінуінің қажеті жоқ еді. Ел үшін қызмет етіп жүрген жалғыз Ермахан емес. Спортшы ретінде мықты шығар, бірақ азамат ретінде ұстанымын ашық айтуға рухы жеткен, Вьетнамда жазықсыз халыққа оқ атпаймын деп соғысқа барудан бас тартқан, сол үшін түрмеде отырып шыққан, әділетсіздікке наразылығын білдіру үшін Олимпиадада жеңіп алған алтын медалін көлге лақтырып жіберген, ең ұлы боксшы атанған Мұхаммед Әлидің тырнағына татымаған соң, қалған сөздің бәрі бос екен.
Батырдың бәрі аңғал келеді деп кешіріммен қарауға шақыратындарды түсінбеймін. Кім болса да халықтан жоғары емес екенін ұмытпауы керек.
Ермахан Ибраимовпен сұхбаттан үзінді:
(Журналист) – Бұл жастар сайлау күні өз қарсылықтарын білдірді. Конституция бойынша, азаматтардың наразылық акциясына, бейбіт шеруге шығуға құқығы бар. Конституция сөз бостандығына да кепілдік береді. Неліктен өз құқықтарын, еркін білдіріп, бейбіт шеруге шыққан жастарға барып кедергі келтірдіңіз?
(Ермахан Ибраимов) – Олар құқығын білдіргенде, көрдіңіз ғой пікірінің қандай екенін. Елдің арасына іріткі салып, елдің тыныштығын бұзып, Беларусьтегі жағдай бар, Қырғызстандағы айқай-шу бар, тура сондай жасамақ ойлары бар олардың.
(Ж) – Олардың Ата заң бойынша бейбіт шеруге, митингіге шығуға, пікірін білдіруге құқығы бар. Сонда оған қарсысыз ба?
(ЕИ) – Кімдердің? Аналардың ба?
(Ж) – Иә, “Oyan, Qazaqstan” мен Жанболат Мамай бастаған Демпартия мүшелерінің.
(ЕИ) – Nur Otan партиясының мүшесі ретінде оған қарсымын, өзінің пікірін білдіруге.
Дереккөз: malim.kz, prosports.kz