Қызылорда қаласында жолды белгіленбеген жерден кесіп өтетін жаяу жүргіншілерді анықтау үшін дрондар қолданылып жатыр. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды kznews.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, жаңа тәсіл жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу және қауіпсіздікті күшейту мақсатында енгізілген. Енді белгіленбеген жерден өткен жаяу жүргіншілердің әрекеті әуеден бақылауға алынып, заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес:
– бірінші рет жол ережесін бұзған жағдайда 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. 2026 жылы бұл – 8 650 теңге;
– бір жыл ішінде қайта бұзса, айыппұл 5 АЕК-ке дейін өседі. Бұл – 21 625 теңге.
Полиция қызметкерлері азаматтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырып, белгіленген жаяу жүргінші өткелдерін ғана пайдалануды ескертті.