Reddit платформасында өткен «ең әдемі ту» атты онлайн дауыс беруде Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы бірінші орын алды. Бұл туралы Flags of the World турнирінің қорытындысына сілтеме жасап әлеуметтік желілерде хабарланды, деп жазады kznews.kz.
Онлайн форматта ұйымдастырылған турнирде түрлі елдердің тулары бірнеше кезең бойынша салыстырылып, қолданушылар дауыс беру арқылы үздіктерді анықтаған. Финалда Қазақстан туы Океаниядағы Кирибати мемлекетінің жалауымен бәсекеге түсіп, басым дауыс жинаған.
Турнир қорытындысы бойынша үздік төрттікке енген елдер:
– 1-орын – Қазақстан
– 2-орын – Кирибати
– 3-орын – Бутан
– 4-орын – Сейшел аралдары
Әлеуметтік желі қолданушылары Қазақстан туының жеңісін көк түстің тазалығы, алтын күн мен қыран бейнесінің үйлесімі, сондай-ақ ұлттық өрнектің ерекше стилімен байланыстырды.
Айта кетейік, мұндай дауыс берулер ресми халықаралық рейтинг болып саналмайды, алайда интернет қолданушылары арасында кең талқыланып, қызығушылық тудырды.