Елді полигонға айналдырмақ па: Қоғамдық белсенді Цойды қызметінен босатуды талап етті
Қоғамдық белсенді Жанболат Мамай Алексей Цойдың қызметін сынға алып, Қытай вакцинасын елге әкелуіне қарсы шықты, деп хабарлайды KzNews.
«Алексей Цой деген денсаулық сақтау министрін қызметінен босататын уақыт келді. Өткенде митингте халық та осы талапты ашық қойды.
Қытайдан 3 миллион құты вакцина келді деп жариялады алдымен. Енді оны мүлдем жоққа шығарып, тек қана «құтысы» келді, вакцинаның өзі емес деп шықты. Қытай елшісінің мәлімдемесі Цойдың сөзін жоққа шығарып отыр.
Алдымен дәл осы министр ресейлік екпені жарнамалап, сол жақтан миллиондаған доза әкелеміз, халықты жаппай егеміз деді. Ол уәдесін орындай алған жоқ. Енді, міне, әлем ғалымдары мойындамаған, қауіпсіздігі толық тексерілмеген Қытай екпесін әкелемін деп отыр. Сонда бұлар Қазақстан халқын сынақтан өткізіп, елді полигонға айналдырмақ па?
Жалпы, осы вакцина мәселесіне келсек, бізде мынадай сұрақ туындайды: егер ресейлік вакцина қауіпсіз болса, індетті жеңу үшін қажетті екпе ретінде танылса, оны алдымен денсаулық сақтау министрінің өзі салдырмай ма? Оның орынбасарлары, бас санитар дәрігерлер елдің алдына шығып неге салдырмайды? Басқа министрлер, үкімет басшысы, керек десе, президент те салдыруы тиіс. Міне, сол кезде сенім болады, қарапайым халыққа оны салдыру науқанын бастауға болады. Ал Цойдан бастап бірде бір лауазымды шенеунік екпе салдырмаса, оны неге басқа елден талап етеді?
Осы уақытқа дейін коронавируспен күреске деп миллиардтаған долларды бөлді. Сол ақша қайда? Неге американдық, британдық вакцинаны сатып алуға әрекет жасалмайды? Карантинді күшейтіп, елді жұмысынан қағып отырған да — мемлекеттік органдар. Егер елді табысынан айырса, неге халыққа көмек көрсетпейді? Өтемақы төлеп, елге қолдау көрсетуі тиіс емес пе?» деді белсенді.