Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді жаңғырту жолы енді басталғанын айтып, алдағы кезеңнің күрделі болатынын ескертті. Оның сөзінше, «біз мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту жолын енді ғана бастадық», ал жаһандық тұрақсыздық жағдайында бұл бағытта түрлі қиындықтар туындауы мүмкін, деп хабарлайды kznews.kz.
Мен бүгін қол қойған Жарлық Ата заң ережелерін жүзеге асырудың негізгі бағыттары мен шараларын айқындайды.
Көп ұзамай Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заң енгізіледі. Сонымен қатар сегіз конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу қажет.
Заң шығару үдерісі алдағы парламент сайлауымен қатар жүреді. Сайлауды жаңа сессияның ашылуына дейін өткізу жоспарланып отыр. Сол уақытқа дейін тиісті заңнамалық база әзірлеуді толықтай аяқтаған жөн.
Елімізді құқықтық және саяси тұрғыдан түбегейлі жаңғырту жыл соңына дейін, тіпті, келесі жылы да жалғасуы мүмкін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Ақордада Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдауға арналған салтанатты жиын өтті.
Іс-шараға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-министр Олжас Бектенов, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері, облыс, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, сондай-ақ Конституциялық комиссия мен Жалпыұлттық коалиция мүшелері қатысты.