Ақтөбеде жол апатынан екі мектеп директоры қаза тапты

0

Ойыл ауданының аумағында «Тойота Ленд Крузер Прадо» көлігін мінген мектеп директорлары жол апатына ұшырады.

Оқиға кеше кешке болған. Ақтөбедегі 4 мектептің басшысы Ойыл ауданына барған. Қайтар жолда, яғни Қобда-Ойыл тас жолының бойында жүргізуші рөлге ие бола алмай, көлік сол жаққа қарай аударылады. Көлікті № 33 мектептің директоры Альмира Орақова жүргізген. Қатты соққыдан жүргізуші мен №20 мектептің директоры Бағдат Орынбаева сол жерде қайтыс болды. Ал қалған екі мектептің директорлары ауыр жарақатпен Ойыл аудандық ауруханасына жеткізілді.

«Хабар түскен бойда екі бригада оқиға орнына жетті. Өкінішке қарай, дәрігерлер барғанда екі адам сол жерде жан тапсырған. Ал жарақат алған екі адам ауруханаға жеткізілді. Қазір бірінің жағдайы ауыр. Екіншісі де бас ми жарақатын алған, бұғанасы сынған. Жағдайлары тұрақталғанша аудандық ауруханада болады», — деді медициналық мекеменің басдәрігері Сәндібек Нұрбаев.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліпжатыр.