Қазақстандық актер, продюсер әрі блогер Нұртас Адамбай бұрын дінге қатысты айтқан кейбір кесімді пікірлерінің қате болғанын мойындап, сол сөздері үшін кешірім сұрады. Бұл туралы ол Қанат Бейсекеевке берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Әңгіме барысында өнер иесі бұған дейін адамдарды футбол ойнамауға және матч көрмеуге шақырғанын еске алды. Адамбай сол кезеңде өзгенің немен айналысуы керегін айтуға өзін құқылы санағанын, қазір бұл ұстанымын қателік деп бағалайтынын жеткізді.
«Ол кезде қателескенімді мойындаймын. Футболмен айналыспау керек, футбол көруге болмайды дегенім – ақымақтық болды. Сол уақытта өзімді өзгелерге немен айналысуға болатынын, немен айналысуға болмайтынын айтуға құқылымын деп ойлағанмын», – деді ол.
Бұрынғы көзқарастары туралы сөз қозғаған кезде актердің көзіне жас келді. Ол өз пікірлерінің салдарынан кей адамдарда дінге қатысты теріс түсінік қалыптасуы мүмкін екеніне алаңдайтынын айтты.
«Мүмкін, менің кесірімнен біреу дін туралы теріс ой қалыптастырған шығар. Мұны айтқан кезде шынымен қорқыныш сезінемін. Менің кесірімнен біреудің дінге деген көзқарасы теріс болғанын қаламаймын», – деді Адамбай.
Ол сұхбат алдында да қобалжығанын жасырмады. Адамбай өзін ислам дінінің маманы санамайтынын, тек өмірден өз жолын іздеп жүрген адам екенін атап өтті.
«Дін туралы қате айтып, біреудің оны дұрыс түсінбеуіне себеп болып қаламын ба деп қорқамын. Мен ислам дінінің маманы емеспін. Мен тек өз жолын іздеп жүрген, өзі үшін бір нәрсе тапқан және соған сенгісі келетін адаммын», – деді актер.
Сонымен қатар Нұртас Адамбай бұрын түсірген танымал фильмдерінің түпнұсқаларын өшіріп тастағанын айтты. Оның сөзінше, қазір интернетте сол картиналардың пираттық ресурстарда тараған көшірмелері ғана бар.
Актер дәстүрлі кино түсіруге қайта оралуды жоспарлап отырған жоқ. Ол кино индустриясынан мансабының шарықтау кезеңінде кеткенін атап өтті.