Әкімдер айналасына блогерлерді жинап алып, депутаттарға шабуыл жасайды – Еділ Жаңбыршин

0

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ғаламторда фейк аккаунттардан ақпараттық шабуылдарға ұшырағанын мәлімдеді. Ол әсіресе әкімдердің ұнатпаған адамына блогерлерді жинап, шабуылдайтынын алға тартты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еділ Жаңбыршин бизнес өкілдері мен билік өкілдерінің өздеріне ыңғайсыз ұнамайтындарды қорқыту үшін арнайы адамдар жалдайтынын жеткізді.

“Өткен жылы Маңғыстау облысының депутаты Самат Мұсабаевқа отбасымен Telegram арналарында, Facebook-те ақпараттық шабуыл жасалды.

Ал әкімдер айналасына барлық блогерлерді жинап алып, депутаттарға шабуыл жасауға бұйрық беріп жатыр. Міне, біз бүгін заң қабылдап жатырмыз («Интернет-платформалар және интернет-жарнама туралы»). Егер мұндай шабуылдарға тосқауыл қоя алмасақ, онда бұл заңның не керегі бар? ҰҚК, министрліктер мен басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері депутаттарға жасалған ақпараттық шабуылды тоқтата ала ма? Ондай адамдарды тауып, қылмыстық іс қозғау керек», – деді Жаңбыршин.

Белгілі болғандай, әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы, депутат Дәулет Мұқаев та интернетте осындай мәселелермен жиі кездесетінін алға тартты.

«Интернетте менің атымды жамылған  аккаунттар адамдарды алдап жүр. Олардың саны 100-ден асады. Күресіп шаршадым. Алданған қолданушылар кейін маған хат жазады. Мен полицияға да жүгіндім», – деді Мәжіліс депутаты.