Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлықтарымен Қазақстанның бірқатар мемлекеттегі төтенше және өкілетті елшілері ауысты. Өзбекстан мен Румыниядағы елшілер қызметінен босатылып, олардың орнына жаңа дипломаттар тағайындалды, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымынан босатылды.
Сондай-ақ Ерлік Шәкірұлы Әли Қазақстанның Румыниядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінен кетті.
Қазақстанның Өзбекстандағы жаңа төтенше және өкілетті елшісі болып Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов тағайындалды.
Ералы Тоғжанов бұған дейін әр жылдары Үкімет құрамында және өңірлік басқару жүйесінде қызмет атқарған. Енді ол Қазақстанның стратегиялық серіктестерінің бірі саналатын Өзбекстандағы дипломатиялық миссияны басқарады.
Президент жарлығымен Әлібек Әсетұлы Бақаев Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Осыған байланысты ол бұрын атқарған қызметінен босатылды.
Ал Қазақстанның Румыниядағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына Амангелді Ғазезұлы Саинов тағайындалды.
Амангелді Саинов бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі аппаратының басшысы қызметін атқарған. Ол дипломатиялық қызмет жүйесінде көп жыл еңбек еткен.