15 сәуір – ғашықтар күні: Мереке қалай пайда болды және мәні неде
15 сәуір бүгінгі қазақ жастарының санасына ғашықтар мерекесі ретінде сіңіп үлгерді. 2011 жылдан бері аталып өтетін бұл мейрам шексіз махаббаттың символына айналған «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» есімдерімен де байланысты. Елімізде ғашықтар күні қалай пайда болды? Бұл мерекенің астарында қандай мән жатыр? Осы сұрақтардың жауабын мақаламызда кеңінен тарқататын боламыз.
Ғашықтар күнінің символы ретінде неліктен Қозы мен Баян таңдалды?
«Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жыры – қазақ эпосының шоқтығы биік туындысы. Мәңгілік махаббатты бейнелейтін жыр қазақ әдебиетінің әлемге кеңінен танылған шығармасы болып саналады. Белгілі ғалым Сейіт Қасқабасовтың «Алтын жылға» атты кітабында жырдың қазақ және орыс тілінде жазылған 33 нұсқасы бар делінеді. Ғалымның кітабында «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» жыры туралы құнды деректер берілген: Шоқан Уәлихановтың досы, қазақ фольклорын ұзақ уақыт бойы ерінбей-жалықпай жинап, өзінің кең салыстырмалы зерттеулеріне енгізіп, Ресей мен Еуропа оқымыстыларына сол кез үшін тым тосын пікір ұсынған Григорий Потанин «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырын «Қазақ эпосының шоқтығы, – деп бағалады да, – оның сюжеті халықаралық, бірақ бірде-бір халық оны дәл қазақтардай ғажайып жырға айналдыра алған жоқ», — деп жазды.
«Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» шығармасы несімен ерекшеленеді?
Еуропада «Ромео мен Джульетта, «Тристан мен Изольда», Азия елдерінде «Жүсіп-Зылиқа», «Тахир- Зухра» сынды махаббат хикаясын суреттейтін көптеген шығарма бар. Олардың біраз бөлігі әдеби, мәдени тұрғыда өңделген. Сондықтан да бастапқы қалпына қарағанда өзгерістер де жоқ емес. Ал «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» жырының ерекшелігі неде? Бұл жыр әу бастағы тұрпатын, дала өмірімен үйлесетін көрінісін қаз-қалпында сақтауымен құнды. «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» жыры фольклорлық шығармалар ішінде қағаз бетіне ертерек түскен туынды болып есептеледі. Сонау ХІХ ғасырдың басында қазақ жеріне келген саяхатшылар, әскери адамдар, зерттеушілер бұл шығарманы жазып алған көрінеді. Оған қоса мерзімді басылым беттеріне де жариялап отырған.
Мәселен, «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» жыры ХІХ ғасырдың өзінде бес рет басылып шықты. Екі жыл сайын жарық көрген туынды оқырмандарын еріксіз баурап алды деуге толық негіз бар.
А.С. Пушкин өзінің Оралға барған сапарында жырдың қысқаша мазмұнын жаздырып алған.
1812 жылы Қазан қаласында жырдың башқұрт тіліндегі нұсқасы жарыққа шықты.
1830 жылы Мәскеудегі «Отечественные записки» журналында орысша нұсқасы басылып шықты.
1834 жылы алғаш рет жырдың қазақ тіліндегі мәтінін Ғ. Дербісәлин хатқа түсірді.
«Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» махаббат жырының сюжеті қалай өрбиді?
Лирикалық эпоста бір күнде дүние есігін ашқан кейіпкерлердің жастайынан атастырылғаны, өсе келе бір-бірін іздеп тапқаны, ғашықтық сезімнің пайда болуы, артынша үлкен махаббатқа ұласуы, екі ғашықтың ынтық сезімінің себебімен құрбан болғаны рет-ретімен баяндалады.
Қозы бейнесі басқа жырлардағыдай жаумен айқасқа түскен батыр секілді сипатталмаса да, оның бойындағы батылдық пен тәуекелшілдігі әрі аңғалдығы, жігітке тән қасиеттері көркем суреттеледі. Бақыты үшін күрескен ер қойшының да, жалшының да кебін киеді. Ал жырдағы жағымсыз кейіпкер Қодар жолына тосқауыл болған сәттерде өзінің сесін көрсете білген.
Баян – өте нәзік, сол замандағы қазақ қызының үлгісі ретінде суреттеледі. Оның көрікті келбетіне ішкі жан-дүниесі, ақыл-парасаты сай. Қазақ фольклорында өз өмірін қиған әйел заты кездеспейді десе де болады. Баянның образы жанқиярлығымен ерекше.