Алматы облысына қарасты Қарасай ауданының Ұмтыл ауылдық округі аумағында 52 жастағы әйелге бірнеше ит шабуыл жасағаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды kznews.kz.
Облыстық полиция департаментінің дерегінше, аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.
Полиция мәліметінде иттердің 52 жастағы тұрғынға шабуыл жасау дерегі тіркеліп, қазір жан-жақты тексеру жүргізіліп жатқаны айтылған. Оқиға орнында тәртіп сақшылары мен жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмыс істеуде. Зардап шеккен әйелге қажетті медициналық көмек көрсетілген.
Тергеу барысында иттердің иесі ретінде 60 жастағы азамат анықталды. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ол заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны хабарланды.
Әлеуметтік желілерде тараған мәліметтерге қарағанда, күдікті өз үйінің ауласында 20-25 ит ұстаған.