Құлдықта болған халық ұлтшылдықтан айырылып, жалтақ, көнгіш, жағымпаз боалды — тарихшы

0

ҚАЗАҚ НЕГЕ ҰЛТШЫЛ ЕМЕС: Қазақ еліндегі бүгінгі ахуал туралы.

Ұлттың рухани дәрменсіздігі туралы, XV ғасырдың аяғы мен XVI ғасырдың басында өмір сүрген итальяндық ойшыл Н.Макиавеллидің «ұзақ уақыт құлдықта болған халық еліне, деген құштарлықтан, патриотизм мен имандылықтан айрылып, жалтақ, көнгіш, тілалғыш, жағымпаз болады. Және мұндай жұрт кездейсоқ жағдайда табылған еркіндікті де пайдалана алмайды» деп айтқанынан Назарбаев билігі тағлым алалмады.

Осындай жалтақтыққа тәрбиеленген ел ағалары, зиялы қауым кезінде желтоқсан көтерлісінің шындығын айтуға да дәрменсіздік танытып, оны ыңғайға қарай бұрмалап, биліктің қас қабағына қарап жазды, мұндай көзқарас яғни айтқанға көну бұдан кейінде көптеген маңызды мемлекеттік мәселелерді шешу барысында күні бүгінге дейін жалғасып келеді… Қазақ ұлты тағдырына байланысты мәселеде, «Жер кодексінің» халықтың еркінен тыс қабылдану кезінде әншейінде ақыл айтқыш ел ағаларының көбі бұл жолы да, Желтоқсандағыдай бұғып қалып, әттеген-ай дегізгенін тарих келешек ұрпаққа жеткізетін болады. Бүгіндегі ұлттық патриоттық сезімдер көбінесе жасанды болып келеді. Міне осы жасандылықты шебер меңгергендер, шынайы ел, жер, ұлт, қамын ойлаушы патриот адамдардан әлде қайда көп, осы көптігімен өзге пікір айтушыларды тұқыртып отырады.

Билікпен ауыз жаласқан керегінде ғана «бас көтеріп» оның өзінде жоғары жақтың нұсқауымен әр-түрлі үндеулерге қол қоюға құлшыныс білдіретін, қала берді басшыларды жарыса қолпаштап мақтауға дайын тұратын зиялы қауымның кейбір өкілдері осы қылықтарын өзінше мақтан тұтады. Олар референдум, сайлаулар қажет болғанда, керекті заң актілерін қабылдауда биліктің сөзін сөйлеп әбігер болатындардың қатарынан табыла қалады.

Мұндай жалпы халыққа қарсы зиянды әрекеттерін заманға жауып, өзерін ақтағысы келетіндер тарих үкімінің болмай қоймайтынын сезсе де, нигилистік жолға түсіп, ұрпағының сағын сындыратын болашақ «ақтаңдақтарды» жасауда…

Қазақтарға жалтақтық мінез көрсетуді өз құлқыны үшін, өз қандасын ұстап беруден тайынбайтын қылықты үйреткен Кеңестік жүйе, одан тәрбие алған, оның «идеологиясынан сусындаған» партократтар (Н.Назарбаевтар) әлі де билік тұтқасынан айрылмаудағы тиімді әдіс ретінде, ел басқаруда бұрынғы «қорқытып үркіту» әрекеттерінен танбауда. Олар осы қорқыту, мәжбүр ету әрекеттерін халық атынан соның тілегімен жасалғандай етіп бүркемелеуге әбден әккіленіп алған. Биліктің осы әрекетінен ығыр болған жұрт, әлі де бойын қорқынышқа алдырып, «сен тимесең мен тименің» күйін кешуде. Олар азаматтық, ұлтжандылық, іскерлік, білімділік секілді адами құндылықтарды мақсат тұтпай кейін шегеріп, оның орнына жағымпаздық, сыбайластық, жекжаттық, жерлестік секілді мемекетті аздыратын зиянды кеселдерді меңгерумен шектелуде… Оған тағы бір дәлел осындай жағымпаздар мен жандайшаптардан жаңа сайланған ПАРЛАМЕНТ ЖАСАҚТАЛЫП отыр.

Бұл «қасқалар» осы жағымпаздықтармен депутат болғандар. Осындай мемлекетіміздің алқымына жабысқан кеселден арылу үшін ұлттық рухты жандандыратын қазақи кейіптегі дәстүрге негізделген идеология «туын» көтеру қажет. Ондай «туды» қазақ даласында желбірету, билік тетіктерін әділетті қолға алып бере алатын, саяси өмірді жасандылықтан арылтып шынайы демократияландыруды жүргізетін, ұлтымызға жаны ашитын, келешек ұрпақ қамын ойлайтын «Әлихан, Ахмет, Мұстафа, Міржақып, Смағұлдар» сияқты жанкешті «жаным арымның садағасы» дейтін ұлтжандылар қажет болып тұр. Бұл іс тек сондай тұлғалардың ғана қолынан келеді.

Бүгінде ұлттық сананың өзін-өзі қорғау қаблетінің әлсіреуі мен қалғуынан, тіпті кей жағдайда шырт ұйқыдағы (летаргиялық) қалпынан байқалуда. Ұлттық сананың осындай сырқатты бір бөлегі өз халқының тілінен, мәдениетінен, психологиясынан қол үзіп қана қоймайды, сонымен қатар ол өзінің космополиттік, мәңгүрттік қалпын ақтап алу үшін толып жатқан демократиялық теориялар ойлап табады. Ұлт мәдениетін қорғамайды. Ал, ішіндегі неғұрлым агрессивті парықсыздары өз халқының ұлттық мүддесіне ашықтан-ашық қарсы шығып ұлттық нигилизм ауруына ұшырауда.

Егер халқымыз этникалық субъект ретінде өзінің төлтума болмысын жоғалтар болса, онда біздің дербестігіміздің де, сол дербестікті орнықтырамыз деп талпынып жүрген әрекеттеріміздің де құны соқыр тиын болар еді.

Қазіргі билік жүргізіп отырған солақай саясат қазақ халқының блашағына зиянын тигізіп, ұрпақтардың рухани сабақтастығына нұқсан келтіруде. Халықтың бойын жаппай үрей биледі, ұлт өкілдері өз пікірлерін ашық білдіруге батылы жепейтіндей күйге түсірілді. Ұлт бірлігі бұзылып, ғасырлар бойы қалыптасқан, өзге халықтарда кездесе бермейтін тәрбиенің ұлттық үлгілері, әділ шешімге бой ұсыну, жарлы-жақабай, жесірлерге қамқорлық жасау, үлкенді сыйлау, құрмет тұту, коллектившілдіктің, отансүйгіштік, намысқойлық, қонақжайлық, шешендік т.б. қасиеттер сорақы бұрмаланып, ұрпақ үшін қажетсіз болып, жоғалудың аз-ақ алдында қалып тұр. Осындай Тәуелсіздігі бар болса да, оның жемісі жоқ халық осылай тәуірінен айрылып, әлі күнге дейін өз жерінде өгей болып екінші сортты ұлт күйінде өмір кешуде. Оның дәлелі қазіргі кезеңде республикадағы абақтыда отырған «қылмыскерлердің» 82 пайыздан астамы қазақтар.

Есенғазы Қуандық, тарих ғылымдарының докторы, профессор