«Қазгидромет» 26 тамызға Қазақстанның 15 облысында ауа райына қатысты дауылды ескерту жариялады. Бірқатар өңірде жаңбыр, найзағай, бұршақ пен тұман болжанса, елдің батысы мен оңтүстігінде аптап ыстық пен жоғары өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды kznews.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Өңірдің солтүстігі мен шығысында кей уақытта қатты жаңбыр жауып, күндіз бұршақ түсіп, жел күшеюі мүмкін. Таулы және тау бөктеріндегі аудандарда беткейлік ағын қалыптасып, өзендердегі су деңгейі көтерілуі ықтимал.
Алматы облысының таулы аудандарында түнде жауын-шашын жаңбыр және қар түрінде түседі. Сондай-ақ таулы аймақтарда тұман күтіледі. Іле Алатауы тауларында да жаңбыр аралас қар жаууы ықтимал.
– Қостанай облысының оңтүстігінде күндіз ауа температурасы +35 градусқа дейін көтеріледі. Маңғыстау облысында аптап ыстық сақталып, сынап бағаны +39 градусқа дейін жетеді, – делінген болжамда.
Қостанай, Павлодар, Абай, Жетісу, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарының жекелеген аудандарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Атырау облысының солтүстігі мен шығысында шаңды дауыл болжанып отыр.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Ұлытау облыстарының кей бөліктерінде түнде және таңертең тұман түседі.
Сонымен қатар еліміздің бірқатар өңірінде өрт қаупі жоғары деңгейде қалып отыр. Қостанай, Қарағанды, Ұлытау, Абай, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының жекелеген аумақтарында төтенше өрт қаупі сақталады.