Үкімет қазына қоржынын толтыруға шындап кіріскен сыңайлы. Әсіресе, баламалы инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың барлық ықтимал жолдарын қарастыра бастады.
Күні кеше атқарушы билік Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін басқару ережелеріне өзгеріс енгізіп, Ұлттық банкке зейнетақы қаражатын жаңа қаржы құралдарына салуға рұқсат берді.
Енді осы қаулыға сәйкес, БЖЗҚ активтері бірнеше бағыт бойынша инвестиция ретінде салынуы мүмкін. Атап айтқанда, біздің зейнетақымыз баламалы қаржы құралдары санатындағы дәстүрлі акция мен облигациялардан бөлек, венчурлік қорлар мен инфрақұрылымдық жобаларға бағытталады.
Екіншіден, қор нарығындағы SPV - арнайы мақсаттағы компаниялардың акциялары мен үлестерін сатып алуға жинақ ақшамыз салынатын болды. Ұлттық банк бұл қадамды мұндай құрылымдарға зейнетақы активтерін салу болашақта ірі жобаларды жүзеге асыру үшін қажет деп түсіндіреді. Ал жұрттың жиған-тергені жұмсалуы мүмкін тағы бір бағыт - бағалы қағаздар нарығы. Бұл бойынша бағалы қағаздарды кепілге бере отырып қарызға ұсыну тәсілі қолданылмақшы. Securities Lending тәсілі - нарықтағы құнды қағаздар тартымдылығын арттырып, қосымша табыс табуға мүмкіндік береді деп санайды Ұлттық банк.
Қалай болғанда да, Үкімет ел тұрғындарының жинақ ақшасына қол салғаны – салған. Ал зейнетақы қорындағы қаржы мөлшері аз емес. Биылғы 1-қазандағы есеп бойынша БЖЗҚ шотындағы жалпы жинақ көлемі 25,73 триллион теңгеден асқан. Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражат – 24,40 трлн теңге шамасында екен. Жалпы, бұл көрсеткіш жыл басынан бері бірнеше жүз миллиард теңгеге өскені айтылуда. Мысалы, биылғы сәуір айында қордағы зейнетақы активтері 25,13 трлн теңге болған-ды.
Алайда, қаржы сарапшылары бұл тақырыпта екі ұдай пікірде қалып отыр. Олардың бір тобы БЖЗҚ бойынша жаңа қаржы бағыттарын енгізу Ұлттық банкке инвестициялық табыстылықты арттыруға мүмкіндік береді деген ойда екен. Бірақ, баламалы құралдар мен арнайы мақсаттағы компаниялар тәуекел деңгейі жоғары нарықтарға жататындықтан, тәуекел өте жоғары болады. Яғни, бұл жерде "жеті рет өлшеп, бір кесу" керек дейді сарапшылардың екінші тобы. Ал үшінші тарап зейнетақы активтерін жаңа бағыттарға салу – нарықтық әртараптандыруға бағытталған қадам деп түсінеді.
Дегенмен, мұндай шешімдер кезінде инвестициялардың ашықтығы мен есептілігі басты назарда болуға тиіс. Өйткені, қоғамда зейнетақы қаржысының сақталуы мен тиімділігіне қатысты сұрақтар жиі туындайды. Демек, бұл өзгерістер қоғамның бақылаумен жүзеге асуы керек.
Айтпақшы, БЖЗҚ активтеріне шетелдік банктің үлесін сатып алу тәжірибесі бізде болған. 2017 жылы жинақтаушы зейнетақы қоры International Bank of Azerbaijan банкіне инвестициялық қолдау жасағаны туралы хабар тараған еді. Салынған сома да аз емес-ті: шамамен 71,3 миллиард теңге. Нақтыласақ, БЖЗҚ аталған банктің еврооблигацияларын сатып алған болатын. Ал бұл облигациялар 2024 жылға дейін өтеуге жоспарланған еді. Алайда, 2017 жылдың мамыр айында Әзербайжан халықаралық банкі дефолт жариялап, қарыздарын қайта құрылымдау процесін бастап жіберген. Осыдан кейін БЖЗҚ инвестициясына қатысты дау шығып, жинақ қаржы тәуекел аймағына түскен еді...
Қалмаханбет Мұқаметқали