Серік Сәпиев пен Дәурен Есімханов қызметінен өз еркімен кетті
RU KZ
476.81
528.4
5.21

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 702 6094955
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 702 6094955

Біздің әлеуметтік желілер

Темір қымбат, сенім одан қымбат: Қазақстанда 127 миллион теңгеге сатып алынған көлік іске қосылды

Темір қымбат, сенім одан қымбат: Қазақстанда 127 миллион теңгеге сатып алынған көлік іске қосылды
Фото: ЖИ

Қымбат шетелдік көліктерді шертіп жүріп таңдап, адам нанғысыз сомаларға сатып алып жатқан мемлекеттік органдарды естіп те, біліп те жүрміз. Қоғам арасында дау тудырып жатқан осындай қымбат темір тұлпарлар шынымен бізге қажет пе? Әлде бұл имидж үшін бе?

Алматыда күні кеше Төтенше жағдайлар министрлігінің 127 миллион тұратын Tesla Cybertruck көлігі алғаш рет ресми түрде іске қосылды, деп хабарлайды kznews.kz.

Былай қарасаң, “жай ғана техника ғой” деп қол сілтей салуға болатын жағдай. Бірақ көліктің көшеде жүргенін көргендер толассыз видео, фото жасап, желіге жариялап, жарыса жазып, талқыға салуда. Осыдан кейін “мемлекеттік қаржы қалай жұмсалып жатыр және оның шегі бар ма?” дейтін сауал туындайтыны сөзсіз.

Cybertruck-тың өту қабілеті жоғары, электрлі, жаңа технология екеніне тіпті таласымыз жоқ. Бірақ осы шығын расымен бізге қажет пе еді?

Министрлік “таулы аймақ, экологиялық шектеу, қиын рельеф, жедел жету үшін осы бір техника ауадай қажет” деген уәжбен ақталды. Cybertruck бүгін қызметке кірісті. Ол, мүмкін, расымен де құтқарушылар үшін таптырмас көмек те, көлік те шығар. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ әңгіме көліктің сапасында емес, әңгіме — басымдыққа келіп тіреледі.

Осыған дейін Мемлекеттік сатып алу порталында Маңғыстау облысы әкімдігінің 102 миллион теңгеге жеті көлік сатып алуды жоспарлағаны туралы ақпарат жарияланған. Мұнда әрқайсысының құны бірнеше миллион теңге тұратын кроссоверлер бар еді. Ақтөбе облысында Байғанин ауданы әкімі 27,6 миллион теңге тұратын екі қызметтік көлікті мемлекеттік сатып алу арқылы алғаны туралы да мәлімет белгілі болды. Мұндай жағдайлар тым жиілеп кеткені жұрттың наразылығын тудыруда.

Бір темірден жасалған затты сатып аламыз деп халықтың сеніміне селкеу түсіріп алмасақ болар еді. Мемлекеттік сатып алуда әр қымбат шешім тек техникалық есеппен емес, қоғамдық қабылдаумен де өлшенуі тиіс. Себебі бюджет — мемлекеттің емес, халықтың ақшасы. Ал халық үшін әр тиын маңызды, олар барлық мемлекеттік органнан қымбат болғаны үшін емес, қажет болғаны үшін ғана сатып алуды талап етеді.

Сандар алдамайды, ал статистикаға сүйенсек, бұрынғы жылдары мемлекеттік органдар жалпы 6 миллиард теңгеге шетелдік қымбат көліктер сатып алған. Сол уақыттары тек ақша емес, осы мәселеден отандық өнеркәсіптің жағдайы талқыға түсіп, кенжелеп бара жатқан салаға тигізген соққы ретінде саналған. 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет «жоспарланбаған әрі артық шығын» туралы жалпы ұстанымдарын жариялай отырып,

“Бюджеттік шығындар мен ресурстарды қолдануда ысырапшылдыққа жол берілмеуі тиіс. Ұтымсыз және бейімделмеген шығындар мемлекеттің өркендеуіне кедергі келтіреді — экономикалық ресурстарды үнемдеп, нәтижелі бағыттарға жұмсау қажет”, - деген еді.

Бір қуантатыны, осы негізде Президенттің тапсырмасы бойынша жемқорлықты түбімен жойып, ашықтықты арттыру мақсатында 2025 жылы мемлекеттік сатып алу жүйесі толықтай реформаланды. Рейтингтік-балдық жүйе енгізіліп, сапа мен жеделдікті бағалау критерийлері енгізілді. Бюджет қаражатының тиімділігін арттыруға осының пайдасы болса игі еді.

Имидждік қымбат көліктер төңірегінде толассыз туындайтын әр дау — бір ведомствоның шешіміне ғана емес, мемлекеттік шығындарға қойылған диагноз. Президент үнемі айтып жүрген үнемшілдік пен нәтижелілік қағидаты дәл осындай тұстарда нақты мазмұнға ие болуы тиіс. Өйткені бюджет — абстрактілі ұғым емес, ол — әр азаматтың салығы, әр отбасының үлесі. Ал сол қаржыға қол салған әрқайсысы халық алдында жауапкершілікті сезініп, оны ақтауы да, өздері ақталуы да тиіс.

Автор
Айжан Сыланова

2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.