Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген Мексика астанасы Мехикода Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) арнайы құрметіне ие болды. Әншіге халықаралық жетістіктері мен халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін WBC-дің құрметті белдігі табысталды.
Бұл туралы әншінің әкесі Қанат Айтбаев Instagram парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, марапаттау рәсімі 19 қараша күні Мехико қаласындағы әйгілі Palacio de los Deportes аренасында өткен.
"19 қарашада Мехико қаласында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге кәсіби бокс тарихындағы ең беделді ұйымдардың бірі – Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) құрметті белдігі тапсырылды. Бұл марапат әртістің халықаралық жетістіктерін және халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін табысталды", – деп жазды Қанат Айтбаев.
Айта кетейік, WBC-дің мұндай құрметіне бұған дейін әлемге танымал тұлғалар ие болған. Олардың қатарында Оңтүстік Африканың бұрынғы президенті Нельсон Мандела, Сауд Арабиясының спорт саласындағы ықпалды қайраткері Турки Әл-Шейх және қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин бар.
Димаш Құдайбергенге құрметті белдікті WBC елшісі Гектор Сулейман, ұйымның маркетинг және коммуникациялар бөлімінің басшысы Хосе Антонио Арреола Сулейман, WBC директорының орынбасары Виктор Сильва және ұйымның өкілі әрі кеңесшісі Әлихан Жарылғапов табыстады.
Еске сала кетейік, Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев жалғыз қызы Раушанға арнап ән арнаған еді.