Қазақстанда емханаларда жұмыс істейтін психологтер мен әлеуметтік қызметкерлердің жалақысына қосымша ақы қосылуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі психологтерге базалық лауазымдық айлықақының 300 пайызы, ал әлеуметтік қызметкерлерге 200 пайызы мөлшерінде үстемеақы төлеуді ұсынып отыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Денсаулық сақтау министрлігі Үкімет қаулысына өзгерістер енгізу туралы жобаны әзірлеп, қоғамдық талқылауға шығарған. Құжат қабылданса, жаңа төлемдер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі.
Ұсыныс алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында халықпен тікелей жұмыс істейтін медициналық емес мамандарға қатысты. Министрлік бұл қосымша төлемдерді олардың психоэмоциялық және физикалық жүктемесімен байланыстырып отыр.
Жобаға сәйкес:
психологтерге базалық лауазымдық жалақының 300 пайызы;
әлеуметтік қызметкерлерге базалық лауазымдық жалақының 200 пайызы мөлшерінде қосымша ақы төлеу көзделген.
Министрлік өкілдерінің пікірінше, бұл шара мамандардың жұмыс орнында тұрақтауына, кадр тапшылығы мен қызметкерлердің жұмыстан кету көрсеткішін азайтуға мүмкіндік береді.
77 мың медицина қызметкерінің жалақысы да өсуі мүмкін
Бұған дейін учаскелік медициналық қызметтің 77 мыңға жуық маманына еңбек өтіліне қарай қосымша ақы төлеу ұсынылған болатын.
Жоба бойынша, алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында үздіксіз еңбек өтілі екі жылдан асқан қызметкерлерге лауазымдық айлықақының 20 пайызы, үш жылдан асқандарға 30 пайызы, бес жылдан асқандарға 50 пайызы көлемінде үстемеақы берілуі мүмкін.
Бұл өзгеріс учаскелік терапевтерге, педиатрларға, жалпы практика дәрігерлеріне, медбикелерге, фельдшерлерге, акушерлерге және патронаж медбикелеріне қатысты.
Қаулы жобасы 7 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауда болады.