Экспорттың есепті өсімі мен дастарқанның «кемтігі»: қазақтың еті неге өзіне бұйырмай тұр?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
askar.altai@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Экспорттың есепті өсімі мен дастарқанның «кемтігі»: қазақтың еті неге өзіне бұйырмай тұр?

Экспорттың есепті өсімі мен дастарқанның «кемтігі»: қазақтың еті неге өзіне бұйырмай тұр?
Фото: ЖИ

Қазақ үшін ет — жай ғана тағам емес, ол ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық бірегейлік пен берекенің символы, «ет — етке, сорпа — бетке» деп өскен жұрттың негізгі қорегі. Бүгінде сол ата-бабамыздан қалған кәсіптің қызығын өзгелер көріп, өзіміздің өзегіміз талып отырғандай күй кешудеміз.

Ел экономикасының күретамыры саналатын ауыл шаруашылығы саласынан жағымды жаңалық жеткенде, көңіл марқайып, кеудені мақтаныш кернейтіні заңдылық. Алайда соңғы күндері жарияланған ресми деректер сол қуаныштың артына жасырынған үлкен әлеуметтік қайшылықтың бетін ашып берді, деп хабарлайды kznews.kz.

Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің сиыр еті экспортын 34,4 пайызға арттырып, сыртқы нарыққа 43 мың тонна өнім жөнелткенін зор жетістік ретінде сүйіншіледі. Қағаз жүзінде бұл көрсеткіш агроөнеркәсіптік кешеннің айы оңынан туып, отандық өнімнің жаһандық бәсекеге қабілеттілігі артқанын айғақтайтын жарқын жетістіктей көрінеді. Дегенмен, қазан-ошақтың басында жүрген қарапайым халықтың қалтасы мен дастарқанына үңілсек, бұл статистикалық жеңістің екінші, көлеңкелі беті айқын аңғарылады. Себебі сыртқа ағылған еттің буы ішкі нарықтағы бағаны күйдіріп, тұтынушының қалтасын қағып тұр.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, биылғы жылдың басында сүйекті сиыр етінің жылдық өсімі 28,7 пайызға, ал сүйексіз еттің бағасы 30,9 пайызға дейін шарықтап кетті. Күз айларына қарай бағаның өсу қарқыны сәл бәсеңдегендей көрінгенімен, қараша айындағы ресми орташа бағаның өзі келісіне 3 808 теңгеге жетіп, Алматы секілді ірі мегаполистерде 4 168 теңгеден асып жығылды. Осы тұста көкейде «төрт түлігі мыңғырған кең-байтақ далада отырып, неге етке жарымаймыз?» деген заңды сұрақ туындайды. Ал оның жауабын іздеу бізді нарықтық экономиканың қатал заңдылықтары мен мемлекеттік реттеудің олқылықтарына жетелейді.

Мәселенің түп-төркініне үңілсек, бірінші кезекте экспорттық тартымдылық пен ішкі нарықтағы сұраныстың теңсіздігі көзге ұрады. Қазақстандық сиыр етінің 90 пайыздан астамы көршілес Өзбекстан нарығына жөнелтіледі, себебі ол жақта халық санының өсуі мен тұтыну мәдениетінің артуына байланысты етке деген сұраныс шаш-етектен және ең бастысы — баға бізден әлдеқайда жоғары. Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері де бұл жағдайды жасырмай, «бизнес қай жерде пайда көп болса, сонда ұмтылады» деген уәжді алға тартып, бағаның құбылуын жаһандық нарықтық үдерістермен түсіндіруге тырысады. Шынында да, кәсіпкер үшін өнімін ішкі нарықта әкімдіктердің бақылауымен арзанға сатқаннан гөрі, шекара асырып, валютаға пұлдаған әлдеқайда тиімді екені айтпаса да түсінікті. Алайда, нарықтың бұл табиғи заңдылығы мемлекеттік қолдау тетіктерімен ұштасқанда, әлеуметтік әділетсіздікке ұласып кетіп отыр. 

Өйткені ауыл шаруашылығы саласы өз бетінше күн көріп отырған жоқ, оған жыл сайын бюджеттен қыруар қаржы — халықтың салығынан жиналған миллиардтаған теңге құйылады. Ресми мәліметтерге жүгінсек, биылғы он айдың өзінде аграрлық саланы жеңілдікпен несиелендіру көлемі 1,2 триллион теңгеге жетсе, агроөнеркәсіптік кешенді тікелей субсидиялауға 588 миллиард теңге қарастырылған. Мемлекет асыл тұқымды мал сатып алуға да, жем-шөп қорын жасақтауға да, бордақылау алаңдарының шығынын өтеуге де қол ұшын созып, шаруалардың арқасынан қағып келеді. Бірақ «баққаным — бір ешкі, ысқырығым — жер жарады» демекші, осыншама мол қаражат құйылғанымен, оның қайтарымы ретінде ішкі нарықтағы бағаның тұрақтануын көре алмай отырмыз. Мемлекеттік субсидияны алып, шығынын азайтқан ірі шаруашылықтар мен бордақылау алаңдары дайын өнімді өз халқына қолжетімді бағамен ұсынудың орнына, сыртқы нарыққа жөнелтіп, екі есе пайда табуға көшкен. Сонда мемлекеттің субсидиясы отандық тұтынушының дастарқанын молайтуға емес, көрші елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмыс істеп жатқан жоқ па деген заңды сұрақ туады. 

Әрине, бұл түйткілге екінші тараптың — яғни мал өсіруші фермерлер мен сала сарапшыларының көзімен де қарау әділдік болар еді. Шаруалардың да өз шындығы, өз мұң-мұқтажы бар, себебі соңғы жылдары ауыл шаруашылығындағы өзіндік құн шарықтап кетті. Жем-шөптің қымбаттауы, жанар-жағармай бағасының өсуі, ауыл шаруашылығы техникасы мен қосалқы бөлшектердің құны, сондай-ақ жұмыс күшінің тапшылығы мал бағуды бұрынғыдай оңай олжа болмайтын ауыр бейнетке айналдырды. Оның үстіне, биылғы жылдың тоғыз айында елімізде барлық ет түрлерін өндіру көлемі 846,5 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда небәрі 3,7 пайызға ғана өскенін ескерсек, өндіріс қарқыны экспорттық сұраныстың соңынан ілесе алмай жатқаны байқалады. Фермерлер «біз шығынымызды жабу үшін және шаруашылықты одан әрі дамыту үшін өнімді тиімді бағаға сатуға мәжбүрміз, егер экспортқа тыйым салынса немесе бағаны қолдан шектесе, мал бағу тиімсіз болып, сала мүлдем тұралап қалады» деп дабыл қағады. Расында да, нарықтық экономика жағдайында өндірушіні шығынға батырып, өнімін арзанға сатуға мәжбүрлеу — «түйе сұрап, бие алғанның» керін келтіріп, ертеңгі күні елдегі мал басының күрт азаюына әкеп соғуы әбден мүмкін. 

Дегенмен, шаруа мен тұтынушының арасындағы осы алшақтықты одан әрі ушықтырып отырған тағы бір «көрінбейтін қол» бар, ол — алыпсатарлар мен делдалдардың ұзын-сонар тізбегі. Ауылдағы қарапайым малшының қорасынан келісі 2 500–2 800 теңгеден шыққан ет қаланың сөресіне жеткенше бірнеше қолдан өтіп, үстіне мың теңгеден астам үстемеақы қосылады. Мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын «Соғым-FEST» секілді демалыс күнгі жәрмеңкелерде етті нарық бағасынан 10–15 пайызға арзан сату тәжірибесі уақытша ғана дем бергенімен, жүйелі түрде нарықтағы бағаны ауыздықтауға қауқарсыз болып отыр. Себебі өндіруші мен тұтынушыны тікелей байланыстыратын заманауи көтерме-тарату орталықтары мен логистикалық желілер әлі күнге дейін толыққанды жолға қойылмаған, ал мұндай ретсіздік қашанда делдалдардың диірменіне су құятыны анық. 

Әлемдегі кейбір елдердің тәжірибесі экспортты дамыта отырып, ішкі нарықтағы халықтың да мүддесін қорғауға болатынын көрсетеді. Мысалы, ет экспортынан алдыңғы қатарда тұрған Бразилия мен Аустралияда мемлекет ірі компанияларға қолдау көрсеткенімен, олардың ел ішіндегі халықты етпен тұрақты әрі қолжетімді бағамен қамтамасыз етуін де талап етеді.

Еуропалық Одақ елдерінде фермерлерге берілетін субсидиялар өндірілген өнімнің көлеміне емес, сапаны жақсартуға, экологиялық талаптарды сақтауға және мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар фермерлердің өнімін жергілікті кәсіпорындарға өткізуіне жағдай жасалады.

Ал Аргентина ішкі нарықта ет бағасы күрт қымбаттаған кезде экспортқа уақытша шектеу қойып немесе экспорт салығын көтерген. Осылайша, экспорттан түскен қаржының бір бөлігін халыққа қажетті азық-түлік бағасын төмендетуге жұмсаған. Яғни бұл елдердің тәжірибесі экспорттан табыс табумен қатар, ел ішіндегі халықты да арзан әрі жеткілікті азық-түлікпен қамтамасыз ету маңызды екенін көрсетеді.

Үкімет тарапынан 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары қабылданып, алдағы жылдары ет өндірісін 1,2 миллион тоннадан 1,8 миллион тоннаға дейін жеткізу, сиырлардың төлдеу көрсеткішін 64 пайыздан 80 пайызға көтеру секілді биік межелер белгіленіп отырғаны құптарлық қадам. Алайда, бұл бағдарламалар бұрынғы «Сыбаға» мен «Алтын асық» секілді науқаншылдықтың кебін киіп, қағаз жүзіндегі әдемі есептермен ғана шектеліп қалмауы тиіс. Егер мемлекеттік субсидия беру қағидалары түбегейлі қайта қаралмаса, яғни бюджеттен қаржы алған әрбір шаруашылықтың алдына «алдымен ішкі нарықты тұрақты бағамен қамтамасыз ету» деген нақты міндеттеме қойылмаса, экспорттық рекордтар қарапайым халықтың тұрмысын жақсарта алмайды. 

Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда Қазақстанның ет нарығында «түйенің танығаны жапырақ» дегендей, әркім өз мүддесін ғана күйттеген теңгерімсіз жағдай қалыптасып отыр. Сыртқа сатқан етіміздің қызығын тек санаулы экспорттаушылар мен делдалдар ғана көріп, ал сол саланы қаржыландыруға салық төлеп отырған қарапайым халық етті тек мереке күндері ғана татып көретін халге жетсе, ондай статистистикалық өсімнен не қайыр? Сондықтан мемлекеттік органдар экспорттық табыс пен ішкі азық-түлік қауіпсіздігінің арасындағы алтын көпірді тауып, субсидиялау саясатын отандық тұтынушының мүддесіне бұрмайынша, «өзіміз өндіреміз, бірақ өзімізге бұйырмайды» дейтін экономикалық парадокс қоғамның ең өткір жарасы болып қала бермек.

Автор
Айжан Сыланова

2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.