Қазақстанда сауда саласы экономиканың негізгі тіректерінің бірі ретінде дамып келеді, деп хабарлайды kznews.kz. Президент Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевті қабылдап, саланың қазіргі жағдайы мен алдағы даму бағыттары жөніндегі есебін тыңдады. Шатқалиев әр жетістікті айтқан сайын шабыттанып, Президентке жағымды бірнеше деректер жеткізді.
Кездесу барысында министр 2025 жылдың қорытындылары бойынша негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге тоқталды. Оның айтуынша, сауда-саттық елдің ішкі жалпы өнімінің шамамен 19 пайызын құраған. Бұл көрсеткіш саланың ұлттық экономикадағы маңызын айқындай түседі.
Сонымен қатар, салаға тартылған инвестиция көлемі 1,2 триллион теңгеге жеткен. Ал жалпы тауар айналымы 8,9 пайызға өсіп, 80,3 триллион теңгені құраған.
Электронды сауда сегменті де айтарлықтай қарқын көрсетіп отыр. Былтыр онлайн сауда көлемі 3,9 триллион теңгеге жетіп, бөлшек сауданың 15 пайызын құраған. Бұл бағытта инфрақұрылымдық жобалар да іске асырылуда. Қазіргі таңда елімізде 10 логистикалық орталықтан тұратын желі қалыптасқан. Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларында ірі фулфилмент орталықтарының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Министрлік экспорттық әлеуетті арттыруға да басымдық беріп отыр. Жаһандық экономикалық сын-қатерлерге қарамастан, шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің экспорт көлемі 41 миллиард долларға жеткен. Экспорттаушыларды қолдау тетіктері де кеңейтілген. Атап айтқанда, сақтандыру сомасының максималды мөлшері 1,2 триллион теңгеге дейін ұлғайтылып, қолдау шаралары екі есеге артқан.
Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы жұмыстар да оң нәтижесін көрсетуде. Министрдің мәліметінше, одақ құрылғаннан бері 70 сауда кедергісінің 69-ы жойылған. Сонымен қатар келіссөздер нәтижесінде Қазақстан үшін маңызды бірқатар мәселелер бойынша тиімді шешімдер қабылданған. Оның ішінде отандық кәсіпорындарға демпингке қарсы баж салығын төлемей, кейбір тауар түрлерін экспорттауға квота алу мүмкіндігі қарастырылған.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы Сауда және интеграция министрлігіне бірқатар нақты міндет жүктеді. Атап айтқанда, заманауи сауда экожүйесін қалыптастыру, отандық өндірістің дамуына қолайлы жағдай жасау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ экспорттық әлеуетті нығайту және елдің экономикалық мүдделерін ілгерілету тапсырылды.