Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар екінші оқылымда алты Конституциялық заңды қабылдады. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Қабылданған заңдар қатарында «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Халық Кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» және бірқатар конституциялық заңдарды Конституция талаптарына сәйкестендіруге қатысты құжаттар бар.
Соңғы заң аясында сайлау, республикалық референдум, Үкімет, сот жүйесі, Конституциялық сот, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, прокуратура және басқа да салаларға қатысты нормалар жаңартылған.
Ерлан Қариннің айтуынша, бұл конституциялық заңдар пакеті мемлекеттік саясаттағы бастамаларды нақты құқықтық тетіктермен бекітіп, жаңартылған саяси жүйенің құқықтық негізін күшейтуге бағытталған.
«Бұл – 2026 жылғы Конституциялық реформаны іске асырудағы маңызды кезең», – деп жазды ол Telegram-парақшасында.