Еліміздегі танымал байланыс операторының біріне қатысты тұтынушылардың өкпесі қара қазандай болып отыр.
Әңгіме Beeline туралы. Өйткені, компания абоненттері бірнеше күн бойы байланыс пен мобильді интернетке қол жеткізе алмай отырған көрінеді.
Алайда, тұтынушылардың байланысқа қатысты шағымы бір оператордың техникалық мәселесінен әлдеқайда тереңде жатқан сияқты. Яғни, бұл жерде тек Beeline компаниясына ғана емес, елдегі ұялы байланыс операторларына қатысты тұтас тариф пен қызмет көрсетудің сапасына қатысты маңызды мәселе бары анық. Және оны ашық айтуымыз керек.
Алдымен, Beeline тұтынушылары неге ұлардай шулап отыр дегенге келейік. Компания 15–17 тамызда жүйелерді жоспарлы түрде жаңартатынын алдын ала хабарлаған болатын. Алайда, 18-тамызда да бірқатар абонент интернет пен байланысқа қол жеткізе алмады. Janymda қосымшасы, сайт және қолдау қызметінде де қиындықтар болды. Осындай проблема осы операторлың серіктесі IZI абоненттерінде де байқалды. Әрине, Beeline жаңарту жұмыстары жоспарланғаннан ұзаққа созылғанын мойындады.
Бірақ, бұл шағын компанияның мәселесі емес екені анық. Және бұл жерде аталған байланыс операторының алпауыт компания екенін ескеруіміз керек. Мәселен, Beeline Kazakhstan 11,7 млн мобильді абонентке қызмет көрсетеді екен. 2025 жылы компанияның Қазақстандағы түсімі 425,6 млрд теңге, EBITDA бағалауындағы көрсеткіші 213 млрд теңге болды. Ал Beeline Kazakhstan халықаралық VEON тобының бақылауында.
Екіншіден, абонент төлейтін тарифтер де арзан емес. Компанияның кейбір тарифтері айына 7 999–23 999 теңге аралығында. Мәселен, «Мега» – 11 999 теңге, «Премиум Семья» пакеттері – 15 999, 19 999 және 23 999 теңге. Яғни, абонент жылына 96 мыңнан 288 мың теңгеге дейін ақша төле отыр.
Осы жерде қарапайым сұрақ туындайды: осынша ақша төлеген абонент бірнеше күн байланыс пен интернетсіз қалса, оның құқын кім қорғайды?
Әлбетте, бұл оператор үшін кезекті жоспарлы жүйелік жаңарту екені анық. Бірақ, тұтынушы үшін бұл ақысын төлеген қызметтің көрсетілмеуі болып шықпай ма? Әсіресе, мобильді интернет банк операциялары, мемлекеттік қызметтер, такси, жұмыс және электронды сауда сияқты күнделікті қажеттіліктердің бір бөлігіне айналған қазіргі кезеңде оператордың өз абоненттері алдындағы міндемесі қайда қалады?
Осы жерде мемлекеттік реттеушіге де заңды сұрақ туалы. Ал елдегі байланыс саласын реттеуге жауапты орган Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті екен. Оның міндетіне байланыс саласындағы мемлекеттік реттеу мен бақылау кіреді. Ендеше миллиондаған абонент бірнеше күн байланыссыз қалғанда, Телекоммуникациялар комитеті оқиғаға неге нақты баға бермей отырғаны түсініксіз.
Мұнан бөлек, Beeline компаниясының ақаудың нақты себебін, зардап шеккен абоненттер санын және қызметті толық қалпына келтіру мерзімін ашық айтпағаны да тұтынушылардың көңіліне кірбің түсіргендей. Сондай-ақ, қызмет көрсетілмеген кезең үшін абоненттік төлемді қайта есептеу мәселесі де қаралуы керек болатын, ол жағы да түсініксіз болып отыр.
Жалпы, мұндағы мәселе бір ғана техникалық ақауда емес сияқты. Демек, қызмет көрсетуші мен тұтынушы және реттеуші арасындағы сенім туралы сөз айтуға әбден болады. Өйткені, тарифті оператор белгілейді, ақшаны абонент төлейді, ал сапаны мемлекет бақылауға тиіс. Осы үш буынның ішінде жауапкершілік әлсіз болса, ең алдымен тұтынушы ұтылатыны анық. Бұл жағдайда дәл осы көрініс болып отыр.
Қысқасы, тариф қымбат болған сайын сапаға қойылатын талап та жоғары болуы керек. Яғни, абоненттің ақшасы нақты қызметке төленеді. Ендеше сол қызметтің сапасы мен тұрақтылығы да сол ақшаға сай болуы шарт. Тұтынушылардың талабы осы ғана...