Экономика

Қазақстанның Даму банкі санаулы адамдардың жеке банкі болып қалып отыр - Әлихан Смайылов

Жарқын Омаров Жарқын Омаров
Қазақстанның Даму банкі санаулы адамдардың жеке банкі болып қалып отыр - Әлихан Смайылов
Фото: Қазақстанның даму банкі

Мәжіліс отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстанның Даму банкінің қызметін қатаң сынға алып, оның белгілі бір топқа қызмет көрсететінін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.

Оның айтуынша, банк өнеркәсіпті дамытудың негізгі қаржы институты болуы тиіс, алайда соңғы жылдары оның жұмысы қоғамда көптеген сұраө туғызып отыр.

Смайылов Қазақстанның Даму банкі іс жүзінде қаржы-өнеркәсіптік және олигархиялық топтарға жақын санаулы тұлғалардың мүддесіне қызмет етіп кеткенін атап өтті.

"Арзан әрі ұзақ мерзімді қаржы ресурстарына қол жеткізген бұл топтар басқа кәсіпкерлерге қарағанда айтарлықтай бәсекелестік артықшылыққа ие болып отыр. Мұндай ресурстар жекелеген адамдарды қолдауға емес, өңдеуші өнеркәсіптегі орта және ірі бизнесті дамытуға, жаңа өндірістерді іске қосуға бағытталуы қажет", - деді ол.

Жоғары аудиторлық палата басшысы қолжетімді және ұзақ мерзімді қаржыландыру өңдеуші саланың дамуына, өндірістік қуаттардың кеңеюіне қызмет етуі тиіс екенін атап өтті. Ал қаржының шектеулі компанияларға ғана бағытталуы ел экономикасына нақты нәтиже бермейді.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов мемлекеттік қолдау шараларының қайталануы мен ұқсастығы салдарынан Ұлттық экономика министрлігі мен салалық мемлекеттік органдар арасындағы жауапкершілік нақты бөлінбегенін айтты. Оның айтуынша, Қазақстанның Даму банкі, Өнеркәсіпті дамыту қоры, «Даму» қоры, «ҚазИндастри», «ҚазТрейд» сияқты бірқатар даму институттары құрылғанымен, олардың қызметінің тиімділігін бағалайтын жүйе қалыптаспаған.

Депутат Мемлекет басшысының «бір терезе» қағидаты арқылы мемлекеттік қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасы әлі күнге дейін толық орындалмағанын да атап өтті. Сонымен бірге бір кәсіпорынның әртүрлі операторлар арқылы бірнеше рет және ұзақ жылдар бойы қолдау алу жағдайлары анықталған.

Мәселен, «Терра» ЖШС 2015–2024 жылдар аралығында 19 қолдау құралы арқылы 17 млрд теңгеден астам қаржылай көмек алған. «Актеп» ЖШС осы кезеңде 13 қолдау тетігі арқылы 11,6 млрд теңгеден аса қаржыландырылса, 2019 жылы құрылған «Полтри Агро» ЖШС 2020–2023 жылдары 7 қолдау құралы арқылы 2,9 млрд теңгеге жуық қаржы алған. Бұдан бөлек, бұл компаниялар салықтық және кедендік жеңілдіктерді де пайдаланған.

Осыған байланысты депутат бір субъектіге бірнеше мәрте әрі әртүрлі мемлекеттік қолдау көрсету тәжірибесін тоқтату қажет екенін айтты. Оның пікірінше, уәкілетті органдар әрбір қолдау шарасының тиімділігін жан-жақты бағалап, талдау жүргізуі тиіс.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz