Ресейде шығатын «Российская газета» басылымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы жарық көрді.
— Қазақстан мен Ресей — бұл одақтас мемлекеттер әрі стратегиялық серіктестіктер. Тарихтың өзі біздің мәңгілік достығымызды, барлық саладағы ауқымды ынтымақтастығымызды, гуманитарлық саладағы тығыз өзара іс-қимылымызды айқындап берді. Халықтарымыз ғасырлар бойы иық тіресе өмір сүріп, қуанышты да, қиындықты да бірге бөлісті. Еуразияның ортақ мәдени кеңістігін бірлесе қалыптастырды. Бізді дәстүрлі құндылықтарды ортақ қабылдау, қазіргі заманның өзекті мәселелеріне ұқсас көзқарастар, бауырлас халықтардың әл-ауқатын қамтамасыз ету жолындағы бірлескен жұмыс біріктіреді.
Қазақстан Тәуелсіздік алған сәттен бастап Ресеймен достық қатынастарды дамытуға айрықша мән берді. Елдің алғашқы сыртқы саясат тұжырымдамасында, ал содан кейінгі осыған ұқсас құжаттарда ресейлік бағыт өзгермейтін басымдық ретінде бекітілген. 1992 жылы Мәңгі достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы алғашқы шартқа қол қойылып, ол мемлекетаралық қатынастардың берік іргетасын қалады және халықтарымыздың саналы таңдауының символына айналды. Содан бері әлемде де, посткеңестік кеңістікте де көп нәрсе өзгерді. Бірақ Шарт мәтінінде тұжырымдалған негізгі тезис өзектілігін жоғалтқан жоқ: мәңгі достық — бұл жай ғана сөз тіркесі емес, ол біздің халықтардың қазіргі және болашақ заманның күрделі, сан қырлы шындығын философиялық әрі саяси тұрғыдан қабылдауының дәл көрінісі.
Қазақстан мен Ресей — сапалы әрі мазмұнды стратегиялық әріптестік пен одақтастық құра алған елдер. Басқаша айтқанда, мәңгілік достық — екі мемлекет пен оның халқы үшін темірқазық. Екі елдің қарым-қатынасы үнемі жетіліп келе жатқанымен, тұрақтылығымен ерекшеленеді. Өйткені байланыстарымыз терең сенімге, құрмет пен теңдікке негізделген. Халықтарымыздың болашағы алдындағы өзара жауапкершілік екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібінде тұрған бүкіл мәселелерінің шешімін табуға мүмкіндік береді. Менің түсінігімше, Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық әріптестігі мен одақтастығы еуразиялық қауіпсіздік жүйесін құрудың аса маңызды факторы болып отыр.
Астана мен Мәскеудің қарым-қатынасы жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көшіп жатыр. Екіжақты ынтымақтастықтың барша жетістіктері президент Владимир Владимирович Путиннің осы бағыттағы жігерлі, өнімді қызметімен тығыз байланысты. Қазақстанда ол жаһандық ауқымдағы мемлекет қайраткері ретінде қалтқысыз құрметке ие. Оның есімі әлемнің талай еліндегі саясаткерлер мен қарапайым адамдардың аузынан түспейді.
Өткен жылдың қараша айында Ресей Президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Бұл сапар саяси және практикалық маңызы жағынан тарихи оқиға болды. Астанада біздің серіктестігіміздің жаңа көкжиегін ашатын маңызды құжаттар топтамасына қол қойылды. Ең бастысы санкциялық қысым мен халықаралық шиеленіске қарамастан, екі ел ынтымақтастықтың тұрақтылығын және серпінді дамуын сақтап әрі қорғап қалды.
Соңғы бірнеше айда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, АҚШ Президенті Дональд Трамппен, сондай-ақ Еуропа, Азия және Африка елдерінің бірқатар басшыларымен барынша мазмұнды келіссөздер жүргіздім. Олардың көбісі геосаяси спектрдің қарама-қарсы полюстерінде тұрғанына қарамастан, барлығы да Ресей мен оның көшбасшысының халықаралық қатынастардың өзекті түйіндерін шешудегі айрықша рөлін мойындайды. Басқаша айтқанда, қазіргі әлемдегі қарма-қайшылықтарды Мәскеудің қатысуынсыз еңсеру мүмкін емес.
Қазақстан мен Ресей шынымен үлгілі мемлекетаралық қатынастар орнатты. Біз отыз жылдан астам уақыт бойы екі халықтың игілігі үшін көп қырлы ынтымақтастығымызды тұрақты түрде дамытып келеміз. Президент Владимир Путинмен алдағы келіссөздер оларды жаңа мазмұнмен толықтыру тұрғысынан ерекше маңызға ие.
Менің Мәскеуге сапарымның күн тәртібі кең. Соның ішінде Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көшуі туралы декларацияға қол қою басты мәселе болмақ. Әрине, бұл құжат екіжақты байланыстың жаңа дәуірін ашып, өзара сенімділіктің бұрын-соңды болмаған деңгейін және барлық бағыт бойынша тығыз жұмыс істеуге бірлескен дайындықты бастайды.
Өз кезегінде Қазақстан Ресейдің негізгі сауда серіктестерінің бестігіне кіріп отыр. Біздің тауар айналымымыз сенімді түрде өсіп жатыр және көлемі 30 млрд долларға жақындап келеді.
Инвестициялық ынтымақтастық белсенді дамып жатыр. Ресейлік инвесторлар еліміздің экономикасына салған инвестиция көлемі бойынша көшбасшылардың қатарынан табылып отыр. Бұл Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы жоғары екенін, екі мемлекет арасындағы берік іскерлік байланыстар мен сенім орнағанын аңғартады.
Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік кооперациясының іргетасын жалпы инвестиция көлемі 50 млрд АҚШ долларынан асатын 170-тен астам бірлескен жоба құрайды. «Сибур», «Газпром», «Лукойл», «ЕвроХим» сияқты бірқатар ірі ресейлік компаниялардың қатысуымен елімізде полиэтилен, бутадиен, минералды тыңайтқыштар және өзге де сұранысқа ие жоғары технологиялық өнімдер өндіретін заманауи зауыттар салынуда. «Татнефтьпен» автокөлік шиналарын, ал «КАМАЗ-бен» жүк көліктеріне арналған құрамдас бөлшектер өндірісі жолға қойылған.
Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен 20 мыңнан астам компания табысты жұмыс істейді. Ал бұл жай ғана цифр емес, өзара тиімді серіктестіктің нақты нәтижесі саналады. Соның арқасында жаңа өндіріс орындары ашылып, ондаған мың жұмыс орны құрылуда. Озық технологиялар трансфері жүзеге асырылып, өңірлер мен халықтар арасындағы байланыстар нығайып келеді.
Энергетика саласы ынтымақтастығымызда айрықша орын алады. Ортақ күш-жігерімізбен Ресейдің энергетикалық ресурстарының Қытай мен Орталық Азия елдеріне үздіксіз транзитін қамтамасыз етіп отырмыз. Ірі энергетикалық нысандарды салу және жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл ретте «Росатом» басқаратын халықаралық консорциумның қатысуымен Қазақстанда алғашқы атом электр стансасын салу зәкірлік жоба болатыны сөзсіз. АЭС құрылысы елімізге уран өндіруден бастап электр энергиясын шығаруға дейінгі толық ядролық отын циклін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұнан бөлек, жоба жаңа технологияларды трансферлеу, мамандарды оқыту, жаңа жұмыс орындарын құру, сондай-ақ машина мен аспаптар жасау сияқты аралас салаларды дамыту үшін жаңа мүмкіндік ашады.
Астана мен Мәскеу қатынастары бүкіл еуразиялық кеңістіктегі көптеген іргелі үдерістерге шешуші ықпал етеді. Қазақстан мен Ресейде осы жыл атаулы мерейтойлық іс-шаралармен айшықталды. Олардың ішіндегі ең маңыздысы — Ұлы жеңістің 80 жылдығы. Бұл — халықтарымыз үшін ең маңызды тарихи оқиғалардың бірі. Әрбір бесінші қазақстандықтың майданға аттанғаны, олардың шамамен жартысы ұрыс даласында мерт болғаны белгілі. Миллиондаған отандасымыз — қарттар да, жастар да тылда аянбай еңбек етті.
Жеңіс мерейтойына орай Астанада ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған әскери шеру өтті, сондай-ақ бүкіл Қазақстан бойынша ата-бабаларымыздың ерлігіне арналған жүздеген естелік іс-шаралары ұйымдастырылды. Қаза тапқан жауынгерлердің есімін мәңгі есте қалдыру бағытында табанды еңбек етіп жүрген Қазақстан, Ресей және басқа да елдердің ерікті іздеушілеріне жеке шынайы ризашылығымды білдіргім келеді.
Мен көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылды тереңдетуді аса маңызды стратегиялық іс деп санаймын. Қазақстан аумағы бойынша 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Бұл — Азия мен Еуропа арасын жалғайтын, құрлықтағы өзара жүк тасымалының шамамен 85%-ын қамтамасыз ететін бес теміржол, сегіз автомобиль дәлізі.
Қазақстан мен Ресей аумағын, географиялық орнын ескерсек, транзиттік маршруттар мен тиісті инфрақұрылымды одан әрі дамыту бүкіл Еуразияның тұрақты көлік байланысын қамтамасыз ететіндей маңызға ие. Осы мақсатқа жету үшін елдеріміз «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автомобиль дәлізінің өткізу қабілетін арттыруға күш салып жатыр. Қазақстан-Ресей шекарасындағы 30 автомобиль өткізу пункті жаңғыртылып жатыр.
Сондай-ақ, екі ел «Солтүстік — Оңтүстік» көлік дәлізінің шығыс тармағының мүмкіндіктерін бірлесіп кеңейтуге күш салып жатыр. Қазірдің өзінде бұл бағыттағы жүк тасымалының көлемі айтарлықтай өскені байқалады. Бұл үдерісте Ресей — Қазақстан — Түркіменстан — Иран теміржолы ерекше рөл атқарады. Жол картасына қол қойылды. Ол іске асса алдағы бес жылда аталған стратегиялық «артерияның» өткізу қабілеті жылына 20 млн тоннаға дейін жетеді.
Аталған бағыттар екіжақты ынтымақтастықта маңызды орын алады. Бірақ барлық әлеуетті саланы ескерсек, өзара іс-қимылдың ауқымы әлдеқайда кең. Екі елдің үкіметтеріне болашақ экономиканың келбетін айқындайтын жаңа салаларды, бірінші кезекте, жоғары технологияларды өзара әріптестіктің алғы шебіне шығару тапсырылды.
Аты аңызға айналған Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдық мерейтойы екі елді біріктіретін тағы бір маңызды кезең болды. Бұл кешен ғарышкерліктің әлемдік бесігі және сана ұлылығының символы болып саналады. Байқоңыр ондаған жыл бойы ғылыми-техникалық прогресс пен болашаққа ұмтылысты бейнелейтін өзара стратегиялық әріптестіктің берік буыны болып отыр.
Біз 2005 жылдың18 қаңтарындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарттың бекітілгеніне 20 жыл толғанына үлкен мән береміз. Құжат — екі елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын өзара мойындаудың мызғымас құқықтық негізі. Әлемдегі ең ұзын үзіксіз құрлық шекарасын Достық белдеуі деп атауға толық құқықтық негіз бар.
Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумын жыл сайын өткізуі тегіс байланыстардың бүкіл кешенін дамытуға елеулі үлес қосатыны сөзсіз. Бұл формат жиырма жылдан астам уақыт ішінде екіжақты қатынастарды нығайтудың тиімді алаңы ретінде қалыптасты.
Мен елдегі тіл алуандығын әрдайым ерекше артықшылығымыз деп сендім. Қазақстанда ондаған мәдениет бейбіт өмір сүреді және бір-бірін өзара байытады. Орыс тілі Қазақстанда қоғамның әлеуметтік-саяси, рухани өмірінің, ғылым мен білімнің ажырамас элементі ретінде танылған және айрықша қолдауға ие.
Біз орыс тілін қолдауды халықтар арасындағы диалог пен сенімді нығайтатын кең гуманитарлық өзара іс-қимылдың бөлігі ретінде қарастырамыз. Сондықтан мен орыс тілін дамытатын халықаралық ұйым құру туралы бастама көтердім. Қазақстан жастары қазақ, орыс тілдерімен қатар ағылшын, қытай және т. б. тілдерді меңгеруге тиіс.
Қорытындыласақ, Астана мен Мәскеудің қарым-қатынасы бүкіл Еуразия кеңістігіндегі көптеген іргелі процеске шешуші әсер ететінін тағы да атап өткім келеді.
Біздің ынтымақтастығымыз жансыз формальдылық пен инерциядан ада — ол шын мәнінде жанды және серпінді, уақыт сынағына төтеп беріп қана қоймай, жаңа дәуірдің қиындықтарына икемді төтеп бере алады.
Әлем жаңа бағдарларды іздеп жатқан кезеңде Еуразия сенімді тірек көздеріне, конъюнктурадан ада, ортақ тағдыр идеясынан қорек алатын одақтастыққа мұқтаж.
Қазақстан мен Ресей халықтары болашаққа тарихи және рухани тамырға адал бола отырып ұмтылады. Бұл біздің елдеріміздің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы әрқашан бүкіл құрлық үшін жасампаздықтың, қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың тірегі болатынына сенімділік береді.